Хоккей: «Барыс» овертаймда «Витязь» командасын ұтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында Подольскінің «Витязь» командасын қабылдап, овертаймда 3:2 есебімен ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өткен турда Омбыда «Авангардты» буллит сериясында сан соқтырып кеткен «Витязь» командасы ұпай үшін барын салатынын бұл жолы да анық көрсетті. Дегенмен қонақтар сапынан тәртіп бұзып, айдыннан қуылған Дмитрий Семин ойынға қосылып үлгергенімен, сол бойда Дмитрий Гурковтан пас алған Роман Старченко мергендік танытып, есеп ашты. Әйтсе де көп ұзамай «Барыстың» қос бірдей хоккейшісі қатар тәртіп бұзып, бес ойыншыға үшеуі қарсы тұруына тура келді. Осыны мүлт жібермеген «Витязь» клубының капитаны Алексей Семенов таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде 28-минутта сан басымдылығын пайдаланған «Барыстың» қорғаушысы Кевин Даллманның (пас берген Мартен Сен-Пьер мен Линден Вей) алыстан соққан шайбасы тордан бір-ақ шықты.

Үшінші кезеңде айдын иелерінің қателігін құр жібермеген қонақтар (гол авторы - финляндиялық легионер Яакко Риссанен) 49-минутта есепті теңестіріп кетті. Бұдан кейін матч аяқталуға бес минут қалғанда, астаналық шабуылшы Владимир Маркелов қақпаға жекедара шыққан сәтті пайдалана алмады. Команда капитаны Найджел Доус та бұл жолы көзге түсе алмады.

Осылайша, кездесудің негізгі уақыты тең аяқталды. Овертаймда Мартен Сен-Пьер «Барыс» үшін жеңіс голын соқты. Сөйтіп бұл ойыннан кейін 54 ұпай жинаған Евгений Корешковтың шәкірттері ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында бұрынғыша екінші орында келеді.

«Барыс» келесі ойынын 5 қараша күні ҚХЛ-дың жалпы кестесінде 61 ұпаймен екінші орында келе жатқан атышулы ЦСКА (Мәскеу) командасымен өткізеді. Бұл кездесудің астаналықтарға аса қиын тиері анық.

Соңғы жаңалықтар