Хоккей: «Барыс» овертаймда «Тракторды» ұтты

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында «Трактор» (Челябі) командасын қабылдап, овертаймда 4:3 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл кездесуде «Барысқа» таяуда «Адмиралдан» (Владивосток) Мартен Сен-Пьердің орнына ауысып келген Джеймс Райт 4-минутта Роман Старченконың пасынан кейін есеп ашты. Дегенмен екінші кезеңнің басында «Трактордан» Максим Якуценя есепті теңестірді. Көп ұзамай Дмитрий Шевченко айдын иелерін қайта алға шығарды.

Үшінші, шешуші кезеңде «Барыстың» қорғаушысы Даррен Диц ойын тәртібін бұзып, айдыннан қуылды. Осыны пайдаланған Иван Вишневский таразы басын қайта теңестірді. Іле-шала челябілік командадан Виталий Кравцов мергендік танытты. Абырой болғанда, 53-минутта «Барыстың» капитаны Наджел Доус есепті теңестіре алды.

Осылайша, негізгі уақыт 3:3 есебімен тең аяқталды. Овертаймда сан басымдылығын пайдаланған Линден Вей ойын нүктесін қойды. Бұл матчтан кейін «Барыс» 60 ұпаймен Шығыс конференциясында алтыншы орынға көтерілсе, одан бір ғана ұпайы кем «Трактор» жетінші сатыға жайғасты. Ал сегізінші орынға сырғыған «Салават Юлаев» (Уфа) командасының 58 ұпайы бар. Демек, бұл - чемпионат қыза түсті деген сөз. Плей-офф бәсекесіне алғашқы сегіз орынды иеленген командалар жолдама алатынын ескерсек, одан басқа командалар да үміт үзе қойған жоқ. Осының алдында жеті мәрте қатарынан жеңіліп қалған астаналықтардың енді алдағы кездесулерді сәтті өткізе білуі керек.

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын 9 желтоқсан күні Челябі қаласында дәл осы «Трактормен» (Челябі) өткізеді. 30 қыркүйек күні «Трактор» өз айдынында елордалықтарды 2:1 есебімен ұтып кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар