Хоккей: «Барыс» овертаймда «Лада» командасынан ұтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шығыс конференциясында астаналықтар оныншы орында тұрса, тольяттилік клуб көш соңында келеді. Соған қарамастан, кездесу тартысты өрбіді.

Бірінші кезеңде «Барыс» командасынан Алексей Маклюков сан басымдылығын пайдаланып, есеп ашқанымен, оған «Лада» екі голмен жауап қайырды. Атап айтқанда, Денис Зернов пен Игорь Скороходов мергендігімен көзге түсті.

Екінші кезеңде Роман Старченко алдымен таразы басын теңестіріп, содан кейін «Барысты» алға шығарды.

Үшінші, шешуші кезеңде астаналықтар сан басымдылығын пайдалана алмаса, айдын иелерінен Чарльз Дженовей 54-минутта «Барыстың» қорғаныс шебіндегі қателікті мүлт жібермей, есепті теңестіріп кетті.

Овертаймда Алексей Мастрюков жеңіс голын соғып, «Лада» 4:3 есебімен «Барысты» ұтты.

Мұның алдында елордалықтар  соңғы 19 матчтың 17-сінде ұтылған болатын. Сондықтан «Барыс» клубы плей-офф кезеңіне қатысудан үмітін үзгендіктен, ендігі мақсат Қазақстан құрамасы ойыншыларының шеберлігін шыңдай түсу болмақ. Осы орайда бүгінгі ойында қазақстандық хоккейшілердің гол соғып, көзге түсуі қуантады. Бірінші дивизионда Қазақстан құрамасы биылғы сәуірде Венгрия астанасы Будапештегі әлем чемпионатында айдын иелерімен қатар Словения, Ұлыбритания, Польша және Италия командаларымен сынға түсіп, элиталық біріншілікке қатысуға мүмкіндік беретін қос жолдаманы сарапқа салады.

Айта кетейік, Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері келесі кездесуін 18 қаңтар күні Екатеринбургте Шығыс конференциясында 90 ұпаймен үшінші орында келе жатқан жергілікті «Автомобилист» командасымен өткізеді. 

Соңғы жаңалықтар