Хоккей: «Барыс» Мәскеуде «Спартактан» овертаймда жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Мәскеуде «Спартак» командасымен өткізіп, овертаймда 3:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей,   айдын иелері бірінші кезеңде сәтті ойын өрнегін көрсетіп, алдымен 14-минутта Артем Подшендялов гол соқты. Бес минуттан кейін канадалық Бен Максвелл «Барыстың» қақпашысы, швециялық Хенрик Карлссонды қапы қалдырып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші кезеңде «Барыс» құрамындағы тағы бір канадалық Мэттью Фрэттин мергендігімен көзге түсті. Ол әуелі 25-минутта есепті 2:1-ге дейін қысқартты. Бұдан кейін 32-минутта «Спартактан» Дмитрий Калинин үшінші голдың авторы атанды. Дегенмен екі минуттан соң М.Фрэттин шайба ойынға қосылған кезде оны «Спартак» ойыншысынан тартып алып, Александр Трушков қорғаған қақпаға жекедара шығып, одан айласын асыра білді.

Үшінші кезеңде «Барыс» барынша шабуылдауға тырысып бақты. «Спартак» та қарап қалған жоқ. 48-минутта М.Фрэттин тағы бір мәрте қақпа бұрышын дәл көздеп, әдемі гол соқты.  Сөйтіп ол биылғы біріншіліктегі алғашқы хет-тригіне қол жеткізіп, таразы басын теңестірді.

Осылайша, негізгі уақыт тағы да 3:3 есебімен тең аяқталды. Олай дейтініміз, мұның алдында Евгений Корешковтың шәкірттері 21 қазан күні Нижний Новгород қаласында жергілікті «Торпедо» командасымен кездесіп, қосымша таймда гол соғып, 4:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Әйтсе де бұл жолы «Барысқа» сәттілік жолдас болмай, «Спартактан» Вячеслав Лещенко жеңіс голын соғып кетті. Мәскеуліктер екі, елордалықтар бір ғана ұпайға ғана ие болды. «Барыс» 43 ұпаймен ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында әзірге үшінші орында келеді.

Астаналықтар келесі матчын 25 қазан күні Финляндия астанасы Хельсинки қаласында Батыс конференциясында көш бастап келе жатқан командалардың бірі, жергілікті «Йокеритпен» өткізеді.

Соңғы жаңалықтар