Хоккей: «Барыс» Мәскеуде ЦСКА-дан ұтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті ойынын Мәскеуде ЦСКА командасымен өткізіп, 1:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Мәскеуліктер тарихы бай, ҚХЛ-дағы көш бастаушы командалардың бірі болғандықтан, бұл жолы да ұпай жоғалтпау үшін барын салды. Бес минут өте бере Константин Окулов есеп ашса, сәлден кейін «Барыс» сапындағы қорғаушы Алексей Маклюков таразы басын теңестіріп үлгерді. Әйтсе де бір минуттан кейін Максим Шалунов армияшыларды тағы алға шығарды.

Екінші кезеңде астаналықтар мәскеуліктер айдыннан қуылған кезде екі мәрте сан басымдылығын пайдалана алмады. Есесіне ЦСКА мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, Валерий Ничушкин 35-минутта есепті 3:1-ге жеткізді.

Үшінші кезеңде бетіне шайба тиген «Барыстың» капитаны Найджел Доус жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады.  Бұл да астаналықтарға оңай тиген жоқ. Оның үстіне Антон Сагадеев ойын тәртібін бұзып, айдыннан қуылды. Дәл осы кезде күтпеген жерден Павел Акользин айдын иелерінің қақпашысы Илья Сорокинге бетпе-бет келгенімен, одан айласын асыра алмады. Яғни шабуылшының шеберлігі жетіспеді. Спортта оңтайлы сәтте қақпаға гол соқпасаң, өз қақпаңа гол өткізіп аласың деген тәмсіл бар. Соның дәлеліндей көп ұзамай-ақ ЦСКА әдемі комбинация ұйымдастырып, Сергей Шумаков тағы бір голды соғып кетті. Бұдан кейін де армияшылардың қақпаны дәл көздейтіндей мүмкіндіктері аз болған жоқ.

Осылайша, «Барыс»  соңғы он ойынның тоғызында жеңіліске ұшырап, күні бүгін Евгений Корешковтың шәкірттері 60 ұпаймен Шығыс конференциясында сегізінші сатыға сырғыды. Плей-офф бәсекелеріне әр конференциядан бастапқы сегіз команданың шыға алатынын ескерсек, «Барысқа» енді ширамаса, жолдаманың ауылы алыстап кетуі әбден ықтимал.

Айта кетейік, «Барыс» келесі кездесуін 18 желтоқсан күні Братиславада Батыс конференциясында соңғы орындардың бірінде келе жатқан жергілікті «Слован» командасымен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар