Хоккей: «Барыс» көш соңындағы командадан жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында «Югра» (Ханты-Мансийск) командасын қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жаңа жылдың алғашқы күні «Барыс» клубы Евгений Корешковты орнынан алып тастаған болатын. «Юграмен» матчқа бас бапкердің міндетін атқарушы Ғалым Мәмбетәлиев алып шықты. Астаналықтар Шығыс конференциясында оныншы сатыда тұрса, ханты-мансийскілік клуб көш соңында келе жатқан болатын.

Бұл кездесу айдын иелері үшін сәтсіз басталды. 3-минутта-ақ Александр Угольников Сергей Кудрявцев қорғаған қақпаны дәл көздеп, «Юграны» алға шығарды. Содан кейін ол 20-сыншы және 26-минутта тағы екі гол соғып, хет-триктің авторы атанды. Қонақтар мұның үшеуінде де сан басымдылығын қалтқысыз пайдалана білді. Бұл «Барыс» ойыншыларының шеберлігі өз алдына, тәртібі де ақсап тұрғандығын көрсетеді. Ал елордалықтар меймандар ойын ережесін бұзған кезде соның біреуінен де еш нәтиже шығара алмады.

Кездесудің соңғы бөлігінде 42-минутта Роман Старченко мергендік танытты. Матч бітуге жеті минуттай уақыт қалғанда, «Юграның» қақпашысы Илья Проскуряков ойын тәртібін бұзып, «Барыс» сан басымдылығына ие болды. Мұны бірінші бестік сәтті пайдаланып, Линден Вей есепті қысқартты. Бұдан кейін С.Кудрявцев қатарынан екі мәрте өз қақпасын аман алып қалды. «Барыс» санаулы секундтар қалғанда, қақпашысын ауыстырғанымен, таразы басын теңестіруге шамасы жетпеді.

Осылайша, астаналықтар өз айдынында көш соңындағы командадан да ұтылып қалды. Сөйтіп плей-офқа жолдама алу мүмкіндігінен айырылды деуге болады.

Айта кетейік, елордалықтар келесі ойынын 9 қаңтар күні Хабаровскіде Шығыс конференциясында 8-орында тұрған «Амур» командасымен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар