Хоккей: «Барыс» буллит сериясында «Автомобилиске» есе жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» өз айдынында Екатеринбургтің «Автомобилист» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Кезінде «Барысты» әрі Қазақстан құрамасын жаттықтырған Владимир Крикунов баптайтын «Автомобилист» командасы плей-офф бәсекесіне жолдама алу мәселесін шешіп қойса, «Барыс» бұдан шет қалған болатын. Соған қарамастан, кездесу тартысты өрбіді. Бірінші кезеңде 6-минутта Кевин Даллман айдын иелерін алға шығарса, ойынның екінші бөлігінде «Автомобилистен» Пьер-Александр Паренто таразы басын теңестірді.

Үшінші, шешуші кезеңде «Барыстың» капитаны Найджел Доустың соққан голына матч соңына таман барын салған қонақтардан Алексей Василевский жауап қайырды.

Овертайм ешқандай нәтиже бермегеннен кейін буллит сериясында «Автомобилист» ойыншылары мергендік танытты. Осылайша, бұл ойында 3:2 есебімен басымдылық танытқан «Автомобилист» екі, «Барыс» бір ғана ұпайға ие болды.

Айта кетейік, 71 ұпаймен Шығыс конференциясында бұрынғыша оныншы орында келе жатқан Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері келесі кездесуін 28 қаңтар күні Бейжіңде «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткізеді. Содан кейін бір ғана ойыны қалады. 

Соңғы жаңалықтар