Хоккей: «Барыс» «Авангардты» ұтып тұрып, жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) соңғы ойынын «Барыс» өз айдынында Омбының «Авангард» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Астаналықтар плей-офф кезеңіне шығудан үмітін әлдеқашан үзген болса, омбылықтар үшін жеңіс ауадай қажет еді.

Бірінші кезеңде 4-минутта қонақтардан Кирилл Семенов мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Бұдан кейін айдын иелерінен Алексей Маклюков, Иван Кучин және Ярослав Евдокимов қатарынан үш гол соғып, «Барыс» 3:1 есебімен алға шықты. Әйтсе де елордалықтар екінші кезеңде осы басымдылықты сақтай алмады. Данил Файзуллин мен Кирилл Семенов таразы басын теңестірді.

Үшінші, шешуші кезеңде қалайда үш ұпай алуға тырысқан «Авангард» қақпашысын алтыншы ойыншыға ауыстырды. Бұл тактика өз жемісін беріп, матч бітуге бір минут қалғанда, Семен Кошелев жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша, «Барысты» 4:3 есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 88-ге жеткізген «Авангард» командасы Шығыс конференциясында жетінші орынға көтеріліп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Астаналықтар 74 ұпаймен оныншы орында қалды. 

Соңғы жаңалықтар