ХҚКО-ларда жаңа төлқұжат алу үшін дүрбелең туындаған жоқ - ҚР ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің халыққа қызмет көрсету орталықтарында ел азаматтарының жаңа төлқұжат алуы үшін дүрбелең туындаған жоқ. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында жаңа Салық кодексі қабылданды. Онда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын бергені үшін мемлекеттік салықты 4-тен (2017 жылы 8076 теңге) 8 айлық (2018 жылы 19240 теңге) есептік көрсеткішке дейін ұлғайту қарастырылған.  Осыған байланысты ХҚКО-ға төлқұжат алу үшін жүгінген азаматтардың саны артты. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес түрі өзгерген құжаттарды ауыстыру азаматтардың қалауы бойынша жүзеге асырылады. Азаматтардың көптеп келуі негізінен ірі қалаларда, Астана, Алматы, Шымкентте байқалады. Осыған орай көші-қон қызметінің бөлімшелерімен қалалардағы және облыстардағы ХҚКО-да жұмыс орындарының санын арттыру шаралары қабылданды. Халықты қабылдау штаттық жұмыс режімінде жүргізілуде, халықтың көптеп шоғырлануы байқалмайды», - деді ол.

Осы ретте Алмас Садубаев «Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттар туралы» Заңның 9 бабына сәйкес оның аумағында тұрақты тұратын азаматтар 16 жасқа толғаннан кейін берілетін жеке куәлікке иелік етуге міндетті екендігін еске салды.

«Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты Қазақстан Республикасының азаматына олардың қалауы бойынша жасына қарамастан беріледі және азаматтың жеке тұлғасын Қазақстанда және одан тысқары аумақта куәландырады», - деді департамент басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындаудың негізгі шығындарын мемлекет өтейтіндігіне қарамастан  бірнеше жыл бойы төлқұжат пен жеке куәлік беру үшін мемлекеттік салық өзгермеген.

Соңғы жаңалықтар