ХҚКО-лар клиентсіз қалды: «e.gov»-тың позитивті видеосы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты позитивті видео түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Роликті Фейсбуктегі жеке парақшасына аталған корпорацияның Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Мұрат Жұманбай орналастырды.

Видео Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде түсірілген. Онда домбыра ұстаған ер адам ХҚКО-лар жұмысын жетілдірудің нәтижесі туралы орыс тілінде әндетеді. Яғни мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуы арқасында адамдар қызметті өз үйінде алып, ХҚКО-лар клиентсіз қалғанын айтады. Ер адамның артында қолдары босап қалған операторлар тұр.

«Клиент бүгін Халыққа қызмет көрсету орталығына келмеді. Мен болсам, оны күттім. Ол қызметті үйінен өзі алды, армандағаным да осы еді», - деп шырқайды «e.gov» жазуы бар жейде киген ол.

Айта кетейік, жуырда Астанада операторсыз ХҚКО ашылады деп күтілуде . «Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режімде алу қарастырылған. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пунктер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен өтінімдерді электрондық түрде береді», - деген болатын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Қазіргі кезде 746 мемлекеттік қызметтің  621-і немесе 83 пайыздан астамын азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы алуға қауқарлы. Еліміз бойынша оның 349 фронт-кеңсесі бар. Оларда жұмыс істейтін 22 мыңға жуық қызметкер жыл сайын 34 миллионнан астам қызмет көрсетуде. 

Азаматтар Электронды сандық қолтаңба арқылы мемқызметтерді үйлерінен шықпай, өздері ала алады. 

 

Соңғы жаңалықтар