Хитке айналған «Зың-зың» әнінің авторы көз жұмды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта хитке айналып, әлеуметтік желіде кең таралған «Зың-зың» әнінің авторы Болат Нұрымов өмірден өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Досының бақилық болғаны туралы әнші Серік Ибрагимов Инстаграм парақшасында жазды.

«Қамшының сабындай өмірде сыйласып өтейікші! Қолымыздан келгенше жақсылық жасайық, келмесе үндемейік! Кешірім сұрайық, кешірейік! Бүгін бармыз, ертең жоқпыз! Шынында да, жалған дүние! Біздің сөзіміздің, істеген ісіміздің, жазған жазумыздың қайсысы соңғы екенін Алла ғана біледі! Сондықтан жақсы амал жасап жүрейікші! Жамандық жасаймыз деп, келмейтін сапарға аттанып кетіп, өкініп қалмайықшы! Суретте тұрған бауырымның, досымыздың есімі Болат! Ол бауырымыз енді арамызда жоқ! Өте жақсы адам еді! Кішіпейіл, ақ көңіл жігіт болатын! Бақилық болды! Алла мейіріміне алсын! Мейірімі шексіз Аллаxым жәннәттан орын бер! Кешірімді Алла баршамызды кешір! Ия Аллам рақымыңа алғайсың! Аумин! Дұға жасап қойыңыздар, ағайын! Алла жар болсын, баршамызға!», - деп жазды Серік Ибрагимов.

Болат Нұрымовтың неден қайтыс болғаны жазылмайды.

Айта кетсек, отандық БАҚ көздеріне сұхбат берген Болат Нұрымов жақында ғана «Зың зың» әніне авторлық құқығы бар екенін айтып, тіпті оны дәлелдейтін құжатты да жария еткен болатын. Қазір де аталған ән көпшіліктің қызу талқысына түсіп, YouTube желісінде көрілім жағынан үздік видеолардың қатарында келе жатыр.

Соңғы жаңалықтар