«ХБО» АҚ басшысы Мелдешов өз атына айтылған айыптауларға пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов орталықтың қызметкерлері тарабынан өз атына айтылған айыптауларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мелдешовтің айтуынша, шет елдер мен бірқатар университет үшін білім беру бизнеске айналып отыр және олар ақша үшін кімді болсын оқуға қабылдауға дайын.

«Яғни, университет ақша үшін қабылдайды да үш ай өткен соң шығарып жібереді. Сөз осы және «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлерге талапты күшейту жайында болды. Жиналыс тек осы мәселелерге арналған еді. Менің тарабымнан эмоциялық пікірлерге жол берілді. Бірақ, мен қалай болғанда да біздің «Болашақпен» бітіргендерді біреулермен салыстырмақ ойымда болған емес. Өкінішке орай, бұрынғы қызметкерлер жағдайды пайдаланып, біздің серверден құпия қызметтік ақпараттарды көшіріп алып, желіге салып жіберді», - деп атап өтті Мелдешов.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті өзі жұмыстан шығарған қызметкерлерге қатысты айта келе: «Өзім ол мәлімдемені көрген емеспін. Дегенмен мынаны айтал аламын: мен тағайындалған кезде Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» бағдарламасын әкімшілеу қызметін атқарған еді. Сонымен қатар оған қазақстандық жоғары оқу орындарын интернационалдау қызметі жүктелген болатын. Осыған орай  бірқатар қайта құрылымдау жүргізілді. Атап айтқанда, құрылым өзгеріп, жаңа департаменттер құрылды, бірқатар департамент қысқарды», - деді ол.

Мелдешовтің сөзіне қарағанда, жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің барлығы бірдей жаңа біліктілік талабына сай болмады, ағылшын және қазақ тілдерін білмеді.

«Мұнан бөлек, қызметкерлердің өздерінің тарабынан да бұзушылықтар болып, тәртіптік жаза қолданылды. Сондықтан олар өз еріктерімен жұмыстан кетті. Білім министрлігі бұл фактіге байланысты тергеу жүргізетін болады және олардың әрбіреуіне жағдайды түсіндіргені дұрыс болар еді», - деді Мелдешев.

Айта кетейік, бірқатар БАҚ-та «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның бір топ қызметкерінің орталық басшысы Жанболат Мелдешовтің тарапынан заңға қайшы әрекет жасалғаны және дөрекілік танытқаны жөнінде шағымданғаны туралы ақпарат жарияланды. Министрліктің баспасөз қызметі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызметкерлерінің шағымына байланысты кешенді қызметтік тексеріс өткізілетіндігін хабарлады.

"Тексеріс нәтижелері анықталғанша  "ХБО" Президенті Жанболат Мелдешов өзінің қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттетілді ", - деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар