Халықтың дәрі-дәрмекке қалтасы қағылмайды - денсаулық сақтау министрі Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде жеке меншік дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің бағасын реттеуге арналған заң жобасы даярланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде халық дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеке меншік дәріханалардан сатып алып отырады. Оны бәріміз жақсы білеміз. Дегенмен, дәл осы нарықтың бағалары реттелмейді. Бізге оған кіріп, нақты бір ережелерді орнату үшін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Атап айтқанда, Халықтың денсаулығын қорғау туралы кодексте Үкіметке, соның ішінде денсаулық сақтау министрлігіне нақты бір құзірет енгізу керек. Алайда осы мәселені алдымен нарық ойыншылары - кәсіпкерлермен талқылау қажет. Тамыз айында біз тиісті заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Біртанов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, мемлекет аталған саланы реттеп отырмағаннан кейін қазақстандықтардың қалтасы қағылып отыр.

«Ашығын айту қажет, халық тым қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға мәжбүр. Қазіргі кезде біз осы саладағы халықаралық тәжірибені зерделеп жатырмыз. Кеше де кездестік, бүгін де арнайы жұмыс тобымен кездесеміз. Олардың ішінде халықарлық сарапшылар да бар. Қазақстанда да шетелдік жүйені енгізетін боламыз», - деп атап көрсетті денсаулық сақтау министрі.

Соңғы жаңалықтар