Халықты жұмыспен қамту саласында аутсорсинг ұғымы енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «Электронды еңбек биржасының» мүмкіндіктерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды,

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орындары мен барша елді мекендер бойынша бірыңғай онлайн алаң құру көзделген. Осы мақсатта еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын «Электронды еңбек биржасы» мемлекеттік интернет ресурсын құру қарастырылған. Бұл жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір арнада тоғыстыратын алаң. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі ұғымы енгізілуде. Бұл дегеніміз, жұмыспен қамту орталықтарының халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне беруіне бағытталған шаралар кешені», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Заң жобасында Еңбек министрлігінің құзыретіне келесі қызметтерді жүзеге асыру кіреді:

Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін бекіту;

Халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі аясында ұсынылатын қызметтер тізбесін әзірлеп және оны бекіту.

Аутсорсингке қатысатын жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне біліктілік талаптары әзірленіп, бекітілетін болады. Аутсорсинг министрлік анықтаған тәртіпте жүргізіледі.

«Жұмыс берушілерді артық есептілік пен құжат тапсырудан босату мақсатында кәсіптік және қайта даярлықтан, өндірісте оқытудан өткен адамдардың саны туралы мәлімет беру міндеті алынып тасталмақ. Сәйкесінше, осы заң нормасын орындамағаны үшін жұмыс берушілердің жауаптылығы жойылды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар