Халыққа автобан ғана емес, өзі үйіне дейінгі жол да керек - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық жолдарға бөлінетін қаражатты қайта қарастырып, облыстар ішіндегі жолдардың құрылысына бөлуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, қазір шыдай тұратын жобалар болса, онда ол қаражатты облыстың ішіндегі жолдарға салу керек. Адам өзінің үйіне дейін жол көрмесе, сенің салып жатқан республикалық жолың неменеге керек? Әркім аяғындағы бәтеңкесі қысатын болса, алдымен соны ойлайды. Сонда ғана халық көреді. «Міне, жол салынып жатыр» деп айтады. Бұл жеке бағдарлама («Нұрлы жол» - авт.), соны қайтадан қарау қажет. Қаражатты қалай салуымыз керек? Осыны пысықтауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, жолдардың құрылысына арналған қаражатты қайта қарастырған кезде бюджет қаржысын тиімді игеруге баса назар аударған жөн. «Енді, екі ауданның арасындағы жолды бетонмен алты жолақ етіп жасаудың қажеті жоқ. Екі жолақ, жүріп тұруға ыңғайлы болатындай. Сосын облыстық бюджеттердің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жергілікті жердегі жолдардың құрылысына бөлінетін қаржының көлемі артады. «Біз әкімдіктермен келістік, қосымша 60 млрд теңге бөлінеді. 30 млрд теңгені - Үкімет, қалған жартысын - әкімдіктер. Алдағы уақытта жыл сайын 150 млрд теңгені бөлінеді деген жоспар бар. Оны да екі жақ бөліп көтереді. Биыл біз жергілікті жерде 4 000 шақырым жолды жөндеп шығуды жоспарлап отырмыз», - дейді Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, отырыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алды. 

 

 

Соңғы жаңалықтар