Халықаралық тыйым салынған қарулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат дамып, өркендеген сайын қарулы қақтығыстардың саны арта түсті, оған қатысушыларда қарулардың жаңа түрлері пайда бола бастады. Адамдар үлкен қауіп тудыратын болғандықтан өздері ойлап тапқан жаппай қырып-жоятын қарулардың кейбір түрлерінен бас тартты, деп жазады Қайыржан Төрежан «Айқын» газетіне.

Бірақ, көптеген мемлекеттер қазірге дейін бүкіл Жер планетасына қауіп төндіретін ядролық қаруды әлі қолдарында ұстап отыр. Бұл туралы Елбасы: «...атом қуатының ашылуы - ғылымның өткен ХХ ғасырдағы ең ірі, тамаша жетістіктерінің бірі болды. Бірақ, оны әскери мақсаттарға пайдалану адамзат тарихындағы ең ұлы және ең қауіпті адасушылыққа айналды. Ядролық қарудың ­бастауында-ақ атақты ғалымдар, әскери стратегтер мен саясаткерлер дәлелдегендей, соғыста атом қаруын қолдана отырып, жеңем деу - қиял, иллюзия. Онда барлығы да жеңіліс табады. Және жаппай жеңіліс 

құны - әлемнің жойылуы болмақ!» деген болатын. Олай болса ядролық қаруға неге толықтай тыйым салмасқа? Осы уақытқа дейін қарудың қаншама түрлерін қолданыстан алу туралы келісім жасаған әлемдік күштер түптің түбінде ядролық қарудан бас тарту жөнінде бір мәмілеге келетін шығар. Өйткені, планета бәрімізге ортақ үй. Енді, қандай қарулар қазіргі кезде қолданыстан алынып тасталды, қандай қаруларға тыйым салынды деген мәселеге келейік. 

ДУМ-ДУМ ОҒЫ

null  

Қарудың белгілі бір түріне халықаралық тыйым салу туралы ең алғаш 1899 жылы келісім жасалды. Бұл Калькутта қаласының түбіндегі Дум-дум деген елді мекенде орналасқан британдық қару зауыты шығаратын, тұмсығы жапырылған мылтықтың оғы болды. 1890 жылдан бастап, Дум-дум деген атпен өндіріске шығарыла бастаған бұл оқ тиген жерін опырып, ойып түсіретін болған. Адамның денесіне жантүршігерлік жара салатын оқты қолданыстан алып тастау туралы бейбіт конференция алғаш рет Гаагада өтті. Тыйым салудың себебі - бұл қарудың адам үшін «тым қатыгездігі» деп көрсетілген құжаттарда. Алайда, мұндай оқтар қазірге дейін аңшылық дүкендерде ресми түрде сатылады. 
 
ХИМИЯЛЫҚ ҚАРУ

null  

Қарапайым химиялық қарулар Ежелгі Грецияда қолданылған екен. Жаппай қырып-жоятын жойқын қару соғыста тиімді екендігін сол кезде көрсетті. Бірінші дүниежүзілік соғыста химиялық қару түрлері өндіріске шығарылып, оны қарсыластар жаппай қолдана бастады. Содан кейін, 1928 жылы Женевада адамды тұншықтыратын, улы және басқа газдарды әскери салада қолданбау туралы халықаралық келісім жасалды. Бірақ, бұл тыйымға кейбір елдер бағынған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыста Германия мен Жапония химиялық қаруды тау-тасқа бекінген партизандарға қарсы қолданғаны туралы деректер бар. Химиялық қару кейіннен де қолданылды. 1964-1988 жылдардағы Вьетнам соғысында оны екі жақ та бір-біріне қарсы пайдаланды. Сондай-ақ, 1980-1988 жылдары иран-ирак соғысында да қолданылды. Соңғы рет 1997 жылы химиялық қаруды жасауға, қолдануға толықтай тыйым салу және оның қорын жою жөніндегі Конвенция күшіне енді. Химиялық қарудан толықтай тазарту 2017-2019 жылдары аяқталады. 
 
НАПАЛМ

null  

«Грек оты» деп аталатын, қатты қызуы бар жалыннан жасалған қарудың түрі - напалмның арғы тарихы VII ғасырдағы византиялықтардан басталады. Напалмды алғаш 1942 жылы АҚШ өндіріске шығарып, әскерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1950-1953 жылдардағы Корей соғысында және Вьетнамдағы соғыста кеңінен пайдаланды. Напалмды Израиль, Ирак, Аргентина сияқты басқа елдер де қолданды. Напалмның зардап тигізетін аумағын бақылауға алу мүмкін емес, ол нақты бір радиусты ғана өртемейді, сондықтан, көптеген жағдайларда бейбіт тұрғындар одан зардап шегеді. Осы жағынан алғанда напалм тыйым салған қарулардың қатарына жатқызылады. 1980 жылы БҰҰ «Өртейтін қаруларды қолдануға тыйым салу немесе шектеу қою» жөніндегі хаттаманы қабылдады. 
 
КАССЕТАЛЫҚ БОМБАЛАР

null  

Бұл қарудың түпкі нұсқасы аңшы мылтығының бытырасына келеді. Алдымен, зеңбіректен атылатын картечь жасалды, содан кейін шрапнель шықты. Ең алғашқы кассеталық бомбаны 1939 жылы немістер поляктарға қарсы қолданды. Бірнеше ұсақ бомбалар ішіне салынған бомба сол кездегі қаруларға қарағанда өте тиімді болып шықты. Төбеден түсетін ұсақ бомбалардың әрқайсысы жеке-жеке жарылып, іс жүзінде жаяу әскерге қарсы қолданылатын минаның жұмысын атқарды. Бірақ, бұл қаруды пайдалану да адамзатқа қарсы жасалған қатыгездік деп танылды. 2008 жылы Дублинде бұл қаруды өндірістен алу, жиналған қорларын жою туралы Конвенцияға қол қойылды. Бірақ, оны барлығы қабылдаған жоқ, АҚШ, Ресей және Қытай келісімге қол қоймады. 

БАКТЕРИЯЛЫҚ ҚАРУ

null  

Ерте заманның өзінде қоршауға алынған қамалдардың қабырғасынан асырып оба ауруынан өлген адамдардың денелерін лақтыратын болған. Тарихта қалған мынандай бір дерек бар - 1346 жылы Қырымдағы генуя қамалын алғанда моңғол әскерлері осы «қаруды» қолданған екен. Сол кездерде Еуропа тұрғындарының жартысына дейін осы індеттен қырылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондықтар бактериялық қаруды пайдаланған, бірақ, аса нәтижелі болмаған көрінеді. Бұл қарудың таралу шекарасын ешкім алдын ала біле алмайды, бактериялар айналып өз әскерлерін қырып салуы мүмкін ғой. Оның үстіне бактериялар мутацияланып, пандемия қаупін төндіретін болды. Осы жақтарын ойлаған әлемдік ғалымдар бактериялық қаруға тыйым салу керек деп тапты. Сөйтіп, 1972 жылы Женевадағы басқосуда бактериялық қаруларға, токсиндерге тыйым салу, өндірістен алу туралы Конвенцияға барлық елдер қол қойды. Бірақ, террористерге заң жоқ, ХХ ғасырда ондаған биотеракт тіркелді. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы 2001 жылғы күйдіргі ауруының бактерияларын тарату болды. 

КЛИМАТТЫҚ ҚАРУ

null  

Бұл гипотетикалық қарудың жоғарыда айтылған жаппай қырып-жоятын қарулардан айырмашылығы тым алшақ. Бұл қарудың күшімен жеке аумақтарға ғана емес, тұтастай құрлықтың климатына, ауа райына әсер етеді. Мысалы, америкалықтардың «Шпинат» операциясы барысында Вьетнам соғысы кезінде маусымдық жауынның мерзімі ұзарып, ылғалдылығы үш есеге дейін көбейген. Ормандағы жолдар батпаққа айналып, жау коммуникациялары істен шыққан. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы табиғат балансы өзгерді, көптеген жануарлар мен өсімдіктердің түрлері жойылып кетті. Қаншама қаржы жұмсалып жүзеге асырылған операция өзін-өзі ақтаған жоқ, нақты жауынгерлік жетістіктер әкелген жоқ. Табиғатты өзгерту арқылы жасалған осы тәжірибеден кейін адамдар оның қате екенін түсінді. Бұл жерде жауды жеңгенмен оның зардаптарын бүкіл адамзат тартатын болды. Сөйтіп, 1978 жылы табиғи ортаға әскери немесе басқадай зиянды әсер етуге тыйым салу жөніндегі Конвенция күшіне енді. Қазіргі кезде бірқатар мемлекеттерде табиғатқа әсер ету жұмыстары жүргізіледі, бірақ, зерттеу жұмыстары тек бейбіт мақсатқа ғана бағытталған. 

Соңғы жаңалықтар