Халықаралық көрме қарсаңында ОҚО-да этноауыл ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында қазақ халқының ұлттық дидарын паш ететін «Алаш» этнографиялық ауылы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Бестораңғыл елдімекенінде тұратын жеке кәсіпкер Алмас Сыздықбеков еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып, этноауылдың іргесін қалады. Ол қазақ халқының салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпын паш ететін ауылды ашты. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен АҚШ, Сингапур, Польша, Франция, Германия сияқты әлемнің 20 елінен ауданға саяхаттай келген азаматтар да қатысты.

Этно ауылдың ашылу рәсімі қазақ халқының салтына сай өтті. Онда сәйгүліктерге мінген қос жаршы мәртебелі меймандардың этноауылға келгендерін хабарлап, сүйінші сұраған балалар ерекше шаттанды. Жаңа түскен келіннің беті ашылып, барша жұртқа сәлем салды. Үлкендердің батасынан соң жастар қара жорға биіне билеп, ашық аспан астында алтыбақан тепті.

Этноауылдағы салт - дәстүр рәсімдері ұлттық спорт ойындарына, қолөнер шеберлерінің көрмесіне ұласты. «Алаш» этноауылының көздегені көп. Алдағы уақытта талай қонақты қондырып, халқымыздың салтын сақтап, дәстүрін дәріптемекші. Бұл, Елбасы екшегендей тамырға үңіліп, тарихқа тағылым етудің, ұлттық рухты жаңғыртудың ең тартымды, тағылымды жолы болмақ.

Соңғы жаңалықтар