Халықаралық көлік дәлізінің Күйік асуындағы бөлігі аса қауіпті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомагистралінің Күйік асуындағы бөлігі аса қауіпті. Қазір бұл жолмен жүк көліктерінің қозғалуына шектеу қойылған, деп хабарлайды Хабар 24.

Көліктер тақтайдай тегіс жаңа жол тұрса да, тозығы жеткен ескі сүрлеумен жүруге мәжбүр болып отыр. Жүргізушілердің айтуынша, асудан өтетін халықаралық автодәліздің осы тұсы дұрыс салынбаған. Әсет Смайлов жүк тасымалдаумен ұзақ жылдан бері айналысады. Әсіресе Шымкент-Тараз бағытында жиі жүреді. Оның айтуынша, Күйік асуының еңістігін тым биік етіп салып қойған. Соның кесірінен ескі жолмен сағаттап жүруге мәжбүр екен. 

«О баста салған адамдар не ойлап салды жолды? Алдымен қауіпсіздікті ойлап барып салмай ма сол жолды. Қазір техника жетеді.Ал біздің жүрісіміз мынау. 10 минуттық жерді бір сағат жүреміз. Қазір жауын жоқ. Құрғақ боп онша білінбей жатыр. Мынау шұқырлар тұр. Кеше жауын болған кезде машиналар осы жерде тығылып жаттық. Қашан машина келіп сүйреп шығарады, қашан трос табылады дедік. Міне жолдың жағдайы», - дейді көлік жүргізушісі Әсет Смайылов. 

 Жүргізушілер миллиардтаған қаражатқа төселген жолдың қауіпсіздігі жобалау кезінде дұрыс есептелмеген деп санайды. Халықаралық талаптарға сай салынған жол тұрса да, қазір жүк көліктері ескі жолмен жүреді. Жол деп айтуға келсе, әрине. Бұл ескі асумен қазір ел ішіндегі көліктер де, шетелдіктер де  қатынап жатыр.

Көлік жүргізушісі Қайрат Бейсенбаевтың айтуынша,  Батыс Еуропа - Батыс Қытай автодәлізінің 11 шақырымы Күйік асуымен өтеді. Бірінші санатты жол. 4 жолақты. Барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылып төселген. Бірақ 8 тоннадан ауыр салмақты көліктерге бұл жермен түсуге мүлдем тыйым салынған. Ал көтерілуге тек күн жылығанда ғана рұқсат етіледі.

«Арнайы мониторинг жүргізілді. Анализ 547-557 шақырымы өте қауіпті екендігін көрсетті. Мұнда 20-ға жуық жол апаты тіркеліп, 18 адам қаза тауып, 68 адам зардап шекті. Көп жағдайда жүк көліктерінің тежегіштері істен шығады. Алдын алу мақсатында осындай белгілер қойылды», -дейді облыстық әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясының бөлім басшысы Николай Со.

Ал «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаевтың айтуынша, қазіргі жағдай жөндеуді қажет етеді. «Сол себепті біз қазіргі смета жұмыстарын есептеп осы ағымдағы жылы толық ескі күйік автожолын 11 шақырым жолын орташа жөндеу жұмыстарын толық өткізуді жоспарланып отыр»,- дейді ол.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай автодәлізінің 495 шақырымы Әулие ата өңірімен өтеді. Қазір бұл жолмен қатынайтын көлік нөпірі уақыт өткен сайын артып келеді. Бүгінде тәулігіне 7500 көлікке дейін жеткен. Сондықтан бұл жердің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жолдар жөндеуді қажет етеді. Жауапты мекеме өкілінің айтуынша, қазір дайындық жүріп жатқан көрінеді. Орташа жөндеу жұмыстарына 290 миллион теңге бөлініп қойыпты. 

Соңғы жаңалықтар