Халқымыздың бірлігі маңызды - Елбасы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік белсенділермен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеудің маңызын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем өзгеріп жатыр. Әлемнің үлкен жылдамдықпен өзгергені соншалық, тіпті үлгеру мүмкін емес. Аға буын бұл жылдамдыққа ілесе алмайды, кейде жету мүмкін емес. Мен жастар қатардан қалып қоймаса екен деймін. Жаңа өндіріс, жаңа түсінік. Адамды болашаққа дайындау үшін біз бар күшімізді саламыз. Үштілділік,  ағылшын тілі, латын әліпбиі туралы айтылды. Бұл ұлтқа бөлінбейді. Жүрегімізді тыңдасақ, біз біртұтас елміз, ешқандай ұлтқа бөлінбейміз. Сөйлейміз, ойлаймыз, жек көреміз, жақсы көреміз. Бәрі сезім. Жүрек тілімен өмір сүру керек. Біздің балалаларымыз  - планета балалары. Жастар кез келген ортаға сіңісіп кетуі керек. Егер тілді білмесе, өз адамы бола алмайды. Қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білу керек. Қай елде тұрсаң, сол елдің заңымен өмір сүр. Егер олай болмаса, қоғам қабылдамайды, шеттетеді», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ақын-жазушы, үкіметтік емес ұйым өкілдері, өңір белсенділерімен кездесу кезінде адами ресурс, ұлттық құндылық, қарапайымдылық туралы сөз болды.

«Адамды түсініп, оны бар болмысымен қабылдауы керек. Бізге жанымыздағы адамды түсіну, шыдамды болу, сыйлау жетпейді. Тура жолмен жүру керек. Ақ жолмен жүрген адам жеңіске жетеді. Балаларды осы құндылықтарға үйрету керек», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы кездесуге келген адамдар арасында Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевпен тілдесті.

«27 жылдан бері қарай жасап келе жатқан жұмысым, ең алдымен қазақтың тыныштығы. Қазақтың өзінің бірлігі болмаса, түк болмайды. Төле бидің айтқаны бар. «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны, атаға бөлінгендер адыра қалады»,- деп. Сондықтан халқымыздың бірлігі маңызды. Біз көпұлтты елміз. Солармен бірге өмір сүру керек», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. 

Соңғы жаңалықтар