«Хабар» тілшісі Ақмола облысы әкімдігіне шағымынан бас тартты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасының тілшісі Сәуле Құсайынова Ақмола облысы әкімдігіне шағымынан бас тартты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл оқиға облыс әкімі Сергей Кулагин тарапынан тыңғылықты қарастырылды. Оқиға орын алғаннан кейінгі бірнеше күннен соң облыс әкімі Сәуле Құсайынованы өзіне шақырып, олар әңгімелесті. Журналист әңгімелесудің жай-жапсарын айтпау туралы шешім қабылдады. Ол оқиғаның шешілгендігін айтты», - деді Нұркенов БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Сәуле Құсайынованың облыс әкіміне де, жергілікті атқарушы органдарға да, сонымен бірге аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдеріне де ешқандай шағымы жоқ.

«Дегенмен, облыс әкімі Ақмола облысы аумағында жұмыс істейтін барлық мемлекеттік органдарға журналистердің белгілі бір тақырыпты көрсетудегі өтініштеріне бейжай қарамауды тапсырды», - деді ол.

Айта кетейік, «Хабар» телеарнасы қорытынды жаңалықтарында» көрсетілген бірнеше материалдан кейін Ақмола облысындағы тілшісі Сәуле Құсайыноваға қысым көрсетіле бастағандығын жариялаған болатын.

«Тіпті облыстық мекеме басшысы қарамағындағыларға жиналысқа біздің түсіру тобын кіргізбеу керектігін айтқан. Кеше кешке дейін маған телефон шалып, дайын материалды эфирден алып тастауға үгіттеді. Бірақ әр шағымның артында еліміздің азаматтары тұр ғой. Мәселені шешудің орнына, мемлекеттік қызметшілер түрлі себептерді меңзейді. Маған зейнетке шыққанда, жұмысымда қиындықтар болатынын айтты», деген еді телеарна тілшісі Сәуле Құсайынова.

Соңғы жаңалықтар