«Хабар» агенттігі жаңа маусымдағы жобаларын таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазмедиа орталығында» «Хабар» агенттігі жаңа телемаусымының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің сайтына сілтеме жасап.

Жаңа маусым тұсаукесеріне медиа саланың майталмандары, танымал тележүргізушілер, кино-телехикаялардың актерлері мен әртістер қатысуда. Арнайы жабдықталған студияда қонақтарға жаңа маусымдағы тың жобалар таныстырылады.

 «Хабар» агенттігі жалпы эфирдегі 22 жылында көптеген ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік-танымдық бағдарламалар ұсынды.

«Қазіргі күні Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде үлкен саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жүріп жатыр. Осы істің маңызы мен мақсатын жеткізіп, халықты жұмылдыру, тікелей ақпараттық жұмысқа байланысты. «Хабар» - солардың ішіндегі бетке ұстары. Телеарна көпжылдық ізденістер арқасында үлкен медиа-ұйымға айналып, қазір ең басты ұлттық операторымыз ретінде қызмет етуде», деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Агенттіктің теле отбасында, яғни «Хабар», «Хабар 24», «Еларна» мен Kazakh TV телеарналарында жаңа бағдарламалар әзірленді.

Оның бірқатары көгілдір экранға жуырда ғана жол тартса да, өз аудиториясын жинап үлгерген «Білу маңызды», «Біздің назарда», «Давайте говорить» әлеуметтік бағдарламалар биыл да жалғасады.

Бесжылдық мерейтойын атап өткен елдің ақпараттық «Хабар-24» арнасы осы күзде бірқатар жаңа жобамен толықты. Басым бағыт - ақпараттық-сараптамалық, саяси-экономикалық, мәдени-спорттық бағдарламалар. «Хабар» агенттігі ізгілік, адамгершілік, махаббат, адалдық сияқты адами құндылықтарды насихаттау дәстүрін жалғастыра бермек.

Ал «Еларна» каналы жаңа маусымда көрермендер назарына ұсынылатын кино, телехикаялар да осы ұстанымға негізделген.

KazakhTVарнасына тоқталсақ. Бұл арнада көрсетілетін контенттің 100 пайызы - отандық өнім. Ол әлемдегі 180 елге көрсетіледі.

«Біз агенттік ретінде, үлкен медиахолдинг ретінде, ескі дәстүрлерді бұзбай, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар жанрында болсын, деректі публистикалық жанрда болсын, отандық телехикаялар өндірісінде болсын, басымдықты әлеуметтік-рухани тақырыптарға бере отырып, көрерменге жаңа өнімдер ұсынуды өзіміздің басты мақсат ретінде санаймыз. Бірқатары эфирге шықты. Көрерменнің назарына ұсынылды», - деді «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Ринат Кертаев.

Соңғы жаңалықтар