Гүлісхан Нахбаева қазақстандық гроссмейстерлер арасында үздік атанды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Алматыда Қазақстан және Украина елдерінің шахматтан әйелдер құрама командалары арасында өткен жолдастық кездесуде шымкенттік гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева «Ең үздік ойыншы» атанды. ҚР Шахмат федерациясы ұйымдастырған жарыста әр командадан 5 ойыншы бiр-бiрiмен 5 классикалық және рапид сайысында бақ сынаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Қазақстан құрама командасы сапында ел намысын Гүлiсхан Нахбаева, Жансая Әбдiмәлiк, Гүлмира Дәулетова, Шолпан Жылқыайдарова және Әсел Серiкбайлар қорғады. Айта кетейік, украиналықтар FIDE рейтингiнде - үшiншi, қазақстандықтар 21-інші орында тұр. Украина 2013 жылы командалық есепте әлем чемпионы атанған мықты құрама. Шахматшы қыздарымыз азулы қарсыластарына лайықты ойын көрсете бiлдi, тек сәл сәттілік жетіспеді. Нәтижесiнде шахматтың классика түрi бойынша 13,5:11,5 және рапид сайысында 14,5:10,5 есебiмен украиналықтар жеңiске жеттi. Қуанарлығы, қос құраманың тартысында 10 ойыннан 7,5 ұпай жинаған шымкенттiк Гүлiсхан Нахбаева «Ең үздік ойыншы» атанды. Украина құрамасында бұл атақ Юлия Осьмакқа бұйырды.

Гүлiсхан Нахбаева осыған дейін Азияның үш дүркін чемпионы (Ташкент  2007, Нью Дели 2009, Ченнай 2010), Еуразия кубогының жеңімпазы (Алматы 2016), Бүкіл әлемдік олимпиадада 4-6 орын, Тромск 2014), әлем біріншілігінде 4-орын (Астана 2013, Ченду 2015 ), Халықаралық турнирлердің жеңімпазы (Лондон 2011), Орталық Азия чемпионы (Ош 2013), Универсиада чемпионы (Кипр 2013), Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (Иран 2014), Қазақстан әйелдері арасында бес дүркін чемпион атанған. Сондай-ақ  маусым айында Қытайдың Ченду қаласында өткен Азия біріншілігінде 119 шахматшының арасынан 7 ұпаймен 2-орынды жеңіп алған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар