Грузияға демалуға баратын қазақстандықтардың саны артып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан Грузияға демалуға баратын туристердің саны жылдан жылға артып келеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің жолдаған ресми сауалына жауап берген ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Бұршақов хабарлады.

Нақтырақ айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінен 2017 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар демалуға баратын әлем мемлекеттерінің бестігі сұралған болатын. СІМ бұл сұрақ бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті жауапты екенін айта кеткенімен, қолда бар мәліметтерімен бөліскен.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазақстандықтар негізінде дәстүрлі туристік елдерге демалуға барады. Оның ішінде ТМД елдері, Түркия, БАӘ, Қытай, Мысыр, Батыс Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және т.б. Сондай-ақ, 2017 жылы 99 463 ҚР азаматы Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қайтқан», - деп жауап берді ҚР СІМ өкілі.

Сатыбалды Бұршақов хабарлағандай, ТМД елдері ішінде Грузияға демалуға баратындардың саны көбейген көрінеді.

«Грузияға туристік мақсатта келетін Қазақстан азаматтарының саны жылдан жылға өсуде. Мысалы, Грузия туризм жөніндегі ұлттық агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылы Грузияға 56 765 қазақстандық туристер барған. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда (48 849 адам) 16,2 пайызға немесе 7 916 адамға өскен», - делінген жауапта.


Фото: forum.awd.ru

Соңғы жаңалықтар