Гран-при турнирі: Қазақстандық екінші дзюдошы «алтын» алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев Тунистегі Гран-при турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

И.Бозбаев 90 кг салмақта жартылай финалда чехиялық Давид Кламмерттен басым түссе, соңғы бәсекеде венгриялық палуан Кристиан Тотты тізе бүктірді. Бұл салмақта сондай-ақ голландиялық Ноель Ван'Т'Энд пен Д.Кламмерт қола жүлдегер атанды.

Бұл - Ислам Бозбаевтың Гран-при турниріндегі екінші алтын жүлдесі. Бұдан бұрын ол 2013 жылы Алматыда осындай жарыстың жеңімпазы атанған болатын. Оған қоса өткен жылы Бакуде "Grand Slam" турнирінде алтын жүлдеге ие болды.

Жалпы, Тунистегі турнирде қазақстандықтар табысты өнер көрсетті. Алғашқы күні Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) пен Ерлан Серікжанов (66 кг) қола жүлдеге ие болса, кеше Жансай Смағұлов 70 кг салмақта чемпион атанып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Келесі Гран-при турнирі 10-11 ақпанда Франция астанасы Парижде өтеді.

Айта кетейік, жуырда дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері өзгерді. Бұл орынға белгілі палуан әрі жаттықтырушы Айдын Смағұлов келді. Өз елімізде талай биікті бағындырған А.Смағұловтың 2000 жылы Қырғызстан құрамасы сапында Сидней Олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер атанғаны белгілі. Енді шәкірттерінің де Токио Олимпиадасында олжалы болып жатса, мақсаттың орындалғаны.

2012-2017 жылдары Қазақстан құрамасын Ермек Имамбеков бастаған мамандар жаттықтырды.

 

Соңғы жаңалықтар