Google басшысы қазақстандық оқушыларға кеңсе ашып беруге уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кремний алқабында өткен Technovation Challenge байқауында жеңіске жеткен алматылық оқушылар Қазақстанға оралды. "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі команда өкілдерімен жүздесіп, бас жүлде алған мобильді қосымшаны қалай ойлап тапқандарын және Google басшысы Сундар Пичаимен кездесудің қалай өткенін сұрады.

Бұған дейін Алматыдағы АҚШ-тың бас консулдығы әлемнің түрлі елдерінен жиналған командалардың Technovation World Pitch саммитіне қатысқанын хабарлаған еді. Қазақстаннан екі алматылық команда қатысты. #MakerspaceAlmaty «/flash» командасы жүздеген командалардың арасынан топ жарып, Кремний алқабындағы World Pitch Summit-те өз идеяларын таныстырды.

«/Flash» - Аружан Қошқарова, Ажар Сұлтансыйық, Диана Жанақбаева және Дияра Бейсенбекова атты төрт мектеп оқушысынан құралған команда. Олар айлар бойы өз ұстаздарымен зерттеу жүргізіп, QamCare - жасөспірімдердің қауіпсіздік деңгейін көтеретін мобильді қосымшаны жасап шығарды. QamCare жасөспірімдерге төтенше жағдай орын алғанда жақындары мен туыстарына өз GPS деректерін жіберуге мүмкіндік береді. QamCare қосымшасының атауы қазақтың "Қамқор" сөзінен шыққан.

"MakerspaceAlmaty - Алматыдағы америкалық елшіліктің және «Shevron» компаниясының бірлескен жобасы. Мен онда робот техникасы мен бағдарламалау негіздерінен сабақ бердім. Онда барлық тілек білдірушілер тегін білім ала алады. Аружан - робот техникасына, Диана мен Ажар "бағдарламалауды" үйреніп жүрді. 2016 жылдың күзінде Technovation байқауына қатысуды ұйғардым. Бұл 10-18 жас аралығындағы қыздарға арналған конкурс, оның мақсаты - қыздардың технологияларға деген құштарлығын ояту. Сол сәтте команда жасақтауды ұйғардым", - дейді команда менторы Азиза Ибрагимова.

Оның айтуынша, команда жиналған соң, қыздар байқауға жаңа идея іздей бастады. Азиза Ибрагимова QamCare-ге дейін суицидтің алдын алатын қосымшаның да әзірленгенін айтады.

"Бір күні Алматыда 11 жасар баланың жоғалып кеткені туралы жаңалықты оқыдық. Оны өгей шешесі ұрлап әкеткен көрінеді. Бұл оқиға бізге қатты әсер етті және қауіпсіздік бойынша қосымша құруды ұйғардық. Нарыққа талдау жүргізе отырып, қандай мобильді қосымшалардың бар екенін, қай тұстарын толықтыру қажеттігін көрдік. Біз өз қосымшамызды жасап шығардық және қашықтықтан басқарылатын «SOS» батырмасын жасадық", - деп түсіндірді Азиза.

Мобильді қосымшаның жүйесіне тіркелген соң, "отбасылық топ" бөлімін таңдап, онда сенімді туыстардың байланыс телефондары жазылады. Бала үйден мектепке немесе мектептен үйге қайтарда бағдарламаны іске қосуға болады.

 

"Қауіп төнген жағдайда «SOS» батырмасын қолдана аласыз. Егер бұл батырманы абайсызда басып қойсаңыз, қызметтен бас тарту үшін 10 секунд уақытыңыз бар. 10 секундтан кейін "Маған қауіп төнді" деген сыңайдағы хабарлама туыстарыңызға жіберіледі. Кейінірек, телефонның сөмкеде жататынын, төтенше жағдайда баланың телефонды алып үлгермейтінін ойладық. Мұндай оқиғалар үшін алақанға сыйып кететін кішкентай батырманы жасадық. Бұл батырма Bluetooth арқылы телефонмен байланысады", - дейді А. Ибрагимова.

Оның айтуынша, QamQare қосымшасы биылғы күзде жұртшылыққа ұсынылады. Бұл қосымшаға Google басшысының өзі қызығушылық танытқан.

"Марапаттау рәсімінен бұрын танымал бизнесмендерге өз жобамызды таныстыру мүмкіндігі туды. Олардың бірі Сундар Пичаи еді. Біздің стендіміздің жанында ұзақ уақыт тұрды. Қыздардың идеясына жоғары баға берді", - дейді команда басшысы.

Команда мүшесі Аружан Қошқарова Google басшысымен жеке кездесті. Оның қабылдауына әр командадан бір ғана адам барып, өз сұрақтарын қоя алады.

"Онда жеңіл және қиын сұрақтар қойылды. Мен одан IT саласындағы әйелдерге қолдау білдіру үшін қандай шаралар жзүргізіліп жатыр деп сұрадым. "Google нағыз сен баратын орын" деп жауап берді. Біздің сұрағымыз аяқталған соң, ол өз сұрақтарын қоя бастады. Бізден «Google» корпорациясы ары қарай не істеу керек деп сұрады. "Қазақстанда өз кеңсесін ашу" деп жауап бердім. Ол келісті. (...) Мен оны салмақты деп ойлайтынмын. Керісінше, ол өзін ашық ұстауға тырысты. Барлығымызға жақсы әсер қалдырды", - дейді Аружан.

Аружан - «FLEX» (Future Leaders EXchange) - жоғары мектеп оқушыларына арналған коммерциялық емес алмасу бағдарламасының финалисі. Бұл бағдарлама бойынша қазақстандық оқушылар бір жыл америкалық мектепте оқиды және америкалық отбасымен бірге тұрады. Аружан АҚШ-тағы IT-саланың дамуы туралы өте жақсы біледі.

"АҚШ-тың білім ордаларындағы ақпараттық технологиялар сыныптарында қыздар өте көп. Ал біздегі университеттерде мұндай мамандықтардағы қыздар саусақпен санарлық. Неге Қазақстанда IT-мен айналысатын қыздар аз?", - дейді Аружан.

Соңғы жаңалықтар