Головкиннің келесі қарсыласы кім болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің промоутерлері реванш бойынша келіссөздерді бастауды жоспарлап отыр.

"Канелоның" өзі келесі жекпе-жегін алдағы жылы өткізуді көздейді. GGG-дің промоутері Леффлер болса, қарымта айқасқа дейін тағы бір жекпе-жекті ұйымдастыруды қалайды. Головкиннің өзі де қарсы емес, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде танымал боксшылар мен сарапшылардың көбісі Головкинге британдық Билли Джо Сондерспен кездесуге кеңес беріп жатыр. Себебі ол боксшыда GGG-ге қажетті соңғы белбеу - WBO титулы бар. Оны жеңіп алса, орта салмақтағы абсолютті чемпион атанады. Жақында Сондерстің промоутері Фрэнк Уоррен де желтоқсанда Головкинге қарсы жекпе-жек өткізуге ниетті екенін жеткізді. Бір қызығы, Биллидің өзі GGG-мен жұдырықтасуға әлі дайын емеспін деп отыр. Дегенмен, британдық боксшының көпірме сөзге бейім екенін ескерсек, оның бұл ойы әлі де мың құбылып, жүз өзгеруі әбден мүмкін.

Головкинде британдық боксшыға қатысты әлі жоспар жоқ сияқты. Оның промоутері Том Леффлер пэурто-рикандық Мигель Коттоға қарсы жекпе-жекті ұйымдастыруға болатынын айтып қалды. "Мигель Котто да Golden Boy-мен жұмыс істейді. Бірде ол Головкин - Альварес жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуге әзір екенін мәлімдеген. Геннадий әлі де чемпион, барлық титулдарын қорғап шықты. Сондықтан нақты бір ұсыныстар болса, қарастыруға болады", - дейді Леффлер. Дегенмен, ол Мигель Коттоның командасымен әлі байланысқа шыққан жоқ. Бұдан бөлек, қазіргі кезде украиналық Сергей Деревянченко (11-0, 9 КО) IBF титулының міндетті үміткері болып саналады. Сондықтан ол да Геннадий Головкиннің келесі қарсыластарының қатарынан көрінуі әбден мүмкін.

Сауль Альварестің командасы болса, Головкинннің реваншқа дейін тағы бір жекпе-жек өткізуіне қарсы. "Golden Boy Promotions" компаниясының президенті Эрик Гоместің айтуынша, Головкин мен Альварес арасындағы қазіргі келісімшарт бойынша GGG реваншқа дейін бір жекпе-жек өткізе алады. "Дегенмен, бірден реванш өткізгеніміз дұрыс болатын еді. Өйткені Головкин жарақат алып қалу мүмкін. Сол жекпе-жекте ұтылуы да ықтимал. Мен өзім қарсымын", - дейді Гомес.

Промоутер Том Леффлер де басқа жекпе-жектерге қарағанда Альвареспен реванш өткізу маңызды екенін айтып отыр. Себебі Геннадий соңғы жекпе-жектің шешімімен келіспейді. "Егер реванш келесі жылы мамыр айында ұйымдастырылса, Гена оған дейін рингке шықпай, күте алады. "Канело" мамырда реванш өткізуге келіспесе, біз оған дейін тағы бір жекпе-жекті ұйымдастыратын боламыз", - деп атап көрсетті Леффлер.

Соңғы жаңалықтар