Головкин Қазақстан халқына және Президентке алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен болған жекпе-жегінде өзіне қолдау білдірген Қазақстан халқына және ел Президентіне алғысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барша жерлестеріме, сондай-ақ айқасқа келген және теледидар алдында маған қолдау білдіргендерге алғысымды айтамын. Жекпе-жек алдында шеруге қатысқандарға да үлкен сәлем жолдаймын. Сіздер Лас-Вегас көшелерін Туымыздың көк түсіне көмкеріп тастадыңыздар, сол үшін сіздерге рахмет. Сондай-ақ ұдайы қолдау білдіріп, кездесуден кейін құттықтау жолдаған Президентімізге алғыс айтамын. Еліміздің Көк байрағын биікке көтеру мен үшін үлкен мәртебе екенін әрдайым айтып келемін. Чемпиондық белдіктер - өзімде және мен барлық титулдардың басын қосуға әлі де ниеттімін. Алға, Қазақстан!», - деп жазды Геннадий Головкин Инстаграмдағы аккаунтында.

Еске салайық, Головкин-Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті. Төрешілердің шешімімен айқас тең аяқталды . Жеңімпаз анықталмағанымен, GGG барлық белбеулерін (WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша) сақтап қалды. 

Айта кетейік, Қазақстан халқы Геннадийге бұл айқасында қызу қолдау білдірді. Ел Туын көтерген жанкүйерлер жекпе-жек алдында Лас-Вегаста шеру ұйымдастырды . GGG-дің жерлестері үшін Қарағанды қаласының әр жерінде үлкен LED-экрандар орнатылды.  

Астана қаласы әкімдігінің бастамасы бойынша да елордада бірнеше LED-экрандар орнатылды. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің сыртына жарық инсталляциясы жасалып, онда жүгіртпе жолмен Головкинге қолдау білдіру сөздері жазылды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің жекпе-жегін тікелей эфирден тамашалады.

Айқас аяқталғаннан кейін Елбасы қазақстандық боксшыға жеделхат жолдады.  «Миллиондаған қазақстандықтар саған бір ауыздан қызу қолдау көрсетті. Сен тартысты әрі жанкешті жекпе-жекте айрықша табандылық танытып, қажымас қайрат пен асқан шеберлік көрсеттің. Сенің кәсіпқойлығың, зор қабілетің, қол жеткізген абырой-беделің, ең бастысы - өз ісіңе шексіз адалдығың келешектегі жарқын жеңістеріңнің кепілі бола берсін», - делінген онда.



Соңғы жаңалықтар