Головкин алдағы жекпе-жекте «Канелоны» таң қалдыруға уәде берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) «Pound for Pound: «Канело» - GGG» бағдарламасы аясында Los Angeles Times-ке эксклюзивті сұхбат берді, деп хабарлады Sports.kz.

«Әрбір жекпе-жек әртүрлі болғанымен бұл жолы нағыз айқас, армандаған жекпе-жек болады. Біздің дене пішіміміз де, күшіміз де, стиліміз де бірдей. Біз бірге жаттықтық та. Сондықтан бір бірімізді өте жақсы білеміз. Бірақ, ол жекпе-жегімізде міндетті түрде бір жаңа өнер көрсетеді. Мен де өз кезегімде жаңа айқас көрсететін боламын. Бапкерім Абель Санчеспен көптеген идеямыз бар. Меніңше, «Канеломен» жекпе-жек спорттық мансабымды айқындайтын болады», - деді Генадий Головкин.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Осы жекпе-жекте Альварес GGG-дің тек екі атағы - WBA мен IBF белбеулері үшін ғана таласады. Головкин ұтылып қалса, оның тағы екі белбеуі - WBC мен IBO бос қалып, оны басқа боксшылар өзара сарапқа салады. Ал қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, төрт белбеуіне тағы The Ring журналының арнайы белбеуін қосып алады. Аталған басылым оны арнайы Альварес үшін шығарған болатын. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда жекпе-жектің тікелей көрсетілімі 17 қыркүйек күні таңертең көрсетіледі.

Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен Сауль Альварестің (49-1-1, 34 КО) алда болатын жекпе-жегін ұйымдастырушылар билеттердің сатылымынан ғана 30 миллион доллар табыс тапты. Бағасы 300-ден 5 000 долларға дейін болған бұл айқастың билеттері шілде айының басында сатылып кеткен.

Осылайша, билет сатылымы бойынша Лас-Вегаста өтетін Головкин - Альварес жекпе-жегі 72,2 млн доллар жинаған кіші Флойд Мэйвезер (50-0, 27 КО) мен Мэнни Пакьяо (59-7-2, 38 КО) айқасынан ғана кем түсіп тұр. Мэйвезердің Альвареспен айқасына тоқталар болсақ, ол жекпе-жектің билет сатылымынан түскен қаржы 20 млн долларды құраған.

Соңғы жаңалықтар