Головкин-Альварес жекпе-жегі: Генаға реваншта ұтылған тиімді ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Головкин мен Альварестің реваншына қатысты сан алуан болжамдар жасалуда. Өкінішке қарай, соның ішінде пессимистік сценарийлерді болжаушылар да, тіпті «Гена жеңілуі тиіс» деп осыны ұсынушылар да жоқ емес. Әрине, Головкиннің жанкүйерлері тек жеңіс қана күтеді. Алайда Генаның өзі үшін, оның денсаулығы мен қаржылай жағдайы үшін сол жолмен жүрген дұрыс сияқты. Осылайша, «ары тартса, арба сынады, бері тартса, өгіз өледі» деген мәселе туындап тұр. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі жұртшылық тағатсыздана күткен алдағы үлкен реванштың сценарийін бір сараптап көрді.

Головкин мен Альварестің қарымта жекпе-жегі өтетін дата белгілі. 5 мамыр - Мексиканың ұлттық мейрамы. 1862 жылы дәл сол күні Пуэбло қаласына жақын жерде болған шайқаста мексикалықтардың әскері құрамы жағынан аз болса да, француздарға төтеп беріп, Наполеон III-нің монархиялық режимін құлатқан екен. Мерекенің өзі «Синко де Майо» деп аталады. Бұл мереке тарихи маңызы жағынан Мексиканың Тәуелсіздік күнімен пара-пар. Әрине, Альвареске ол күні ұтылуға болмайды. Сондықтан ол барын салады. Себебі жеңіліп қалса, өзіне де, елдің намысына да сын. Дегенмен, кейбір шетелдік сарапшылардың сөзіне қарағанда, Альварес үшін Головкин сияқты төрт бірдей белбеудің иегерінен ұтылу ұят емес, керісінше, абырой. «Канело» жеңілсе де, мексикалықтар оны қатты сынамайды. Себебі GGG - орта салмақтағы №1 боксшы. «Иә, Головкин ұтса, Альварестің беделі түспейді. Себебі GGG -  орта салмақ дәрежесіндегі ең мықты боксшы. Бұл Дэниэл Джейкобс, Джермалл Чарло, Деметриус Андраде немесе Сергей Деревянченкодан ұтылғаннан әлдеқайда жақсы», - дейді Boxingnews24.com сайтының сарапшысы Тим Ройнер.

Алайда мәселенің қос боксшының таза өздеріне қатысты екі жағы да бар екен. Өйткені, бұл реваншта Геннадий Головкин өз қарсыласын нокаутпен жеңсе, екі боксшы біраз ақшадан қағылуы әбден мүмкін. Себебі ондайда бұған дейін де талай болжанған үшінші жекпе-жек өтпей қалады. «Осы жолы Головкин «Канелоны» ауыр нокаутқа түсірсе, үшінші жекпе-жек өтпеуі де мүмкін. Golden Boy Promotions тәуекелге бармай, өз боксшысын сақтап қалуға тырысады. Сол себепті басқа қарсыластарды іздейді. Ал GGG нокаутқа түсіп қалса, онда ол «Канелоға» қарсы тағы бір жекпе-жек - үшінші айқасты өткізуге тырысады», - деп жазды Тим Ройнер.

Шыны керек, Альварес қатты жарақат алып қалса, өзі де, командасы да табыстан айырылатынын жақсы біледі. Сондықтан оңбай ұтылған жағдайда үшінші жекпе-жекті өткізбей, басқа жолмен кете береді. Альварес небәрі 27 жаста. Ол әлі де уақытты соза алады. Бұл тұрғыдан 35 жастағы Головкин үшін трилогияны ертерек өткізген тиімді екені айдан анық.

Сонда не істеу керек?

Альваресті нокаутпен жеңсе, GGG үшінші жекпе-жектің гонорарынан айырылады. Бұл аз қаражат емес. Осы ретте GGG қатардағы қарсыластармен екі-үш рет кездескенше мексикалық боксшымен бір рет шықса, денсаулыққа да, қалтаға да пайдалы екенін жақсы түсінеді. Бірақ үшінші жекпе-жек үшін Генаға намысты қалтаға сала тұрып, ұтылу керек дейді сарапшылар. Яғни, ұтыла салу керек. Бірақ, ондай болса төрт бірдей белбеуден айырылады. Ал Гена ұтылды делік, енді «Канело» үшінші жекпе-жекті өткізбей, бірден WBO чемпионы Билли Джо Сондерске бет алса, қайтеміз? Сөз жоқ, Альварес уақытты созуға тырысады. Себебі бір-екі жылдан кейін Головкинге қарсы бокстасудың жеңілдей түсетінін жақсы біледі. Айтпақшы, реваншқа қатысты келісімшартта үшінші жекпе-жекті өткізу міндеті жазылмаған екен. Сондықтан Альваресті трилогияға міндеттеу қиынға соғатын сияқты.

Бүгінде Геннадий Головкин де, оның промоутері Том Леффлер де үшінші жекпе-жекті бірден ұйымдастыру жеңіл емес екенін жақсы түсінеді. Содан болар, алдағы айқас GGG үшін сәтті аяқталса, орта салмақтағы барлық титулдарды біріктіреміз деп отыр. «5 мамырда өтетін жекпе-жектің шарттары талқыланғанда нақты бір келісім болған. Реваншта кім жеңеді, үшінші жекпе-жек өте ме, жоқ па, сол шешетін болады. Дегенмен, үшінші жекпе-жектің мәселесі шешілсе де, біз оны бірден өткізбейміз. Головкин жеңген жағдайда келесі айқаста WBO чемпионы Билли Джо Сондерске қарсы шығатын болады», - дейді Т.Леффлер. Оның айтуынша, реванштан кейін Геннадий Головкин тағы екі жекпе-жекті өткізуге тырысады.

Сонымен, мексикалық боксшыны нокаутпен жеңген бір жағынан тиімсіз. Ал нокаутсыз жеңе аламыз ба? Сарапшылардың айтуынша, «Канелоны» төрешілердің шешімімен жеңу қиын болады. Оған қоса, алдағы реванш қайтадан Лас-Вегаста өтсе, Аделаида Бердтің төрешілік жасамайтынына кім кепіл? Сол келіншектің өзі реваншта төрешілік жасамаса да, үш төрешінің ішінде Дон Трелла сияқты адамдардың отырғаны есепті бұзып жіберуі әбден мүмкін. Себебі екі төреші екі бөлек шешім шығарып, үшіншісі тең ұпай берсе, реванш тағы жеңімпазсыз аяқталады. Геннадий Головкиннің жекпе-жектеріне комментатор болып жүрген Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың ойынша, алдағы жекпе-жекте дәл солай болуы да ықтимал. «Шыны керек, екінші жекпе-жекке де объективті тұрғыда қарау қажет қой. Алдағы реванш тағы да тең аяқталатын сияқты. «Неге?» деген сұраққа жауап бермей-ақ қояйын, бірақ бұл - менің жеке ойым, болжамым, көзқарасым. Жекпе-жек солай аяқталады», - деп кесіп айтады Бақтияр Артаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, реванштың шешімі өтетін жеріне байланысты емес. Екінші жекпе-жек Лас-Вегаста өте ме, Нью-Йоркте ұйымдастырыла ма, бәрібір боксшылар тең түседі. Осыдан кейін олар үшінші жекпе-жекті де өткізбеуі де әбден мүмкін. «Осы жолғы келісімшартта реванш туралы ештеңе жазылмаған. Негізі, екеуі де өз атақтарын сақтап қалса, үлкен абырой ғой. Сондықтан үшінші жекпе-жек өтпеуі де мүмкін. Реваншта нокаут болмайды. Өйткені екеуі де мықты боксшы. Келесі жекпе-жек Лас-Вегаста болатын шығар. Себебі ол жақта халық көп жиналады. Үлкен шаралар жиі ұйымдастырылады», - деп атап көрсетті Б.Артаев.

Ал Головкиннің ұстаздарының бірі Ермахан Ыбырайымов реваншта міндетті түрде жеңімпаз болады деп санайды. «Бұл жолы тең есеп болмайды. Геннадий бапкерлер берген ақыл-кеңестерді сәтті орындаса, жеңіп шығады», - дейді Ермахан Ыбырайымов. Оның ойынша, осы жолы Альварес қайтадан екінші нөмірмен бокстасып, Головкиннің соққыларын дарытпауға тырысады. Сондықтан мексикалық боксшыны барынша шаршату қажет. Сосын жылдамдықты көбейткен жөн. Өйткені алғашқы жекпе-жекте Геннадий баяу қимылдады. «Мен Генамен Сочиде кездесіп, жақсылап тұрып сөйлестім. Альвареске қарсы жекпе-жек бойынша өз ақыл-кеңесімді бердім. Мен айттым, бесінші раундқа дейін Альваресті жан-жақты зерттеп алу қажет. Оның әзірлеп қойған қандай әдіс-тәсілдері бар? Соның бәрін зерттеп шығу қажет. Оған бір раунд жеткіліксіз. Екі раунд та аз болады. Бес раунд сен оны зерттеуің керексің дедім. Сосын үнемі қысым жасап отыру қажет», - деп атап көрсетті Олимпиада чемпионы. Дегенмен, шетелдік сарапшылардың кеңесіне құлақ ассақ, Головкин бірінші раундтан бастап өз басымдығын ашық көрсетуі керек. Себебі Альварес бірден өз белсенділігін көрсетіп, төрешілердің көзіне түсіп қалса, Головкиннің кейінгі раундтардағы басымдығы байқалмай қалуы әбден мүмкін. Төрешілер алғашқы көзқарастан шыға алмайды деген пікір бар.

Осылайша, алдағы реваншқа қатысты сан алуан болжамдар айтылуда. Дегенмен, бір мәселе анық, Геннадий Головкин орта салмақтағы барлық титулдарды біріктіруге тырысады. Ол жайында GGG өз сұхбаттарында да талай рет айтты. Олай болса, осы жолы Головкин жеңіс үшін барын салады, бірінші жекпе-жекте қолданбаған әдіс-тәсілдерін іске қосады. Сосын алғашқы жекпе-жекте екі боксшы бір-бірін әбден зерттеп алды. Демек, алдағы реваншта бәріміз тарихи айқасты көре аламыз.

Соңғы жаңалықтар