GGG украиндық боксшы Деревянчекодан қашып жүр ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  WBC, IBO, WBA және IBF титулдарының иегері Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясымен (IBF) бір келісімге келе алмауда. Аталған ұйым GGG-ді осы белбеуден үміткер боксшымен жекпе-жек өткізуге міндеттеп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, басқа ұйымдар күтуге әзір. Алайда IBF келесі жекпе-жекті украиндық боксшыға қарсы өткізуді талап етіп отыр. "IBF өз ұстанымын өзгертетін емес. Олар үшін бір ғана жол бар. Головкин украиндық боксшы Сергей Деревянченкомен жұдырықтасуы қажет. Негізі, қазір жалғыз IBF қана өз ережелерін сақтап келеді. Қарапайым тілмен айтсақ, Головкин не жұдырықтасуы тиіс, не белбеуден бас тартуы қажет", - деп жазды Yahoo! Sports сайтының журналисі Крис Мэнникс өзінің твиттердегі парақшасында.

Бұған дейін Геннадий Головкиннің промоутері Том Лёффлер де осы мәселеге қатысты түсініктеме берген болатын. Оның айтуынша, GGG украиндық боксшымен жұдырықтасуға қарсы емес. Бірақ ондай қарсыласқа қатысты жекпе-жекті жан-жақты жарнамалау қажет. Ал 5 мамырға дейін уақыт тығыз. Сол себепті Т.Лёффлер IBF-тен титулды қорғауды кейінге шегеруді сұрап отыр. "Негізі, бұл жекпе-жекті жарнамалауға уақыт тым аз. Ондай жағдайда чемпион да, үміткер де көп табыс таба алмайды. Деревянченкоға қарсы жекпе-жекті Madison Square Garden-де ұйымдастыруға әбден болады. Бірақ ол үшін сәл күте тұру қажет. Головкин ешкімнен қашқан емес, қашпайды да. Егер Девянченкоға қарсы шығатын болсақ, ол жекпе-жекті тиісті деңгейде ұйымдастыру қажет. Бәрін дұрыстап тұрып жоспарлап, жарнамасын жасаған дұрыс. Сонда екі боксшы да жақсы гонорар алады", - дейді Т.Лёффлер. Әзірше, IBF те, Деревянченконың промоутері Лу Ди Белла да келіспей отыр. Олар 5 мамырда жекпе-жек өткізуді талап етіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Невада штатының атлетикалық комиссиясы Головкинге алдағы жекпе-жекте Ванес Мартиросянға (36-3-1, 21 КО) қарсы өткізуге рұқсат берді. Оған WBC мен WBA де келісті. Алайда IBF қарсылық білдіріп, міндетті үміткермен шығуды талап етті.

Фото: prosports.kz

Соңғы жаңалықтар