GGG-Канело реваншы бойынша келіссөздер аяқталуға жақын - Эрик Гомес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін мексикалық боксшының менеджері Хосе Рейносо реваншқа қатысты келіссөздердің нәтижесіз болып жатқанын жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәл қазір бізде ештеңе жоқ. Біз келіссөздердің дұрыс бағытта өрбігенін күтіп отырмыз. Алайда әзірше нақты ештеңе айта алмаймыз», - деген болатын Х.Рейносо.

Араға үш күн салып, «Golden Boy Promotions» компаниясының президенті Эрик Гомес келіссөздердің аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, екі жақ келісімшартты рәсімдеуге даяр. Алайда әлі пысықтайтын мәселелер бар.

«Біз келісімді рәсімдеуге жақындап қалдық. Келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Реванштың өтетін жері болса, әлі анықталған жоқ», - деп атап көрсетті Э.Гомес Fightnights.com-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, мексикалық боксшы Сауль Альварестің командасы GGG-ге қарсы реваншты бұрынғы жерде өткізуге мүдделі.

Лас-Вегаста өткен алғашқы жекпе-жекте Головкин мен Альварес тең түскен болатын. Алайда танымал спортшылар мен кәсіби сарапшылар төрешілер шешімімен келіскен жоқ. Бір төреші жеңісті Альвареске (118-110) берсе, екіншісі Головкин (113-115) жеңді деп шешті. Ал үшіншісі 114-114 есебін тіркеді. Әсіресе, 118-110 есебін шығарған Аделаида Бердқа қарсы халықтың наразылығы қатты болды. Дон Трелланың 114-114 есебі де қисынсыз болып шықты.

Бокс саласының шолушысы, танымал ресейлік сарапшы Александр Беленькийдің ойынша, Головкин - Альварес жекпе-жегінде жеңісті мексикалық боксшыға беріп қойған бір төрешінің әділетсіз шешімі - тамаша ойластырылған жоспар. Онымен Альверестің командасы халықтың көңілін басқа жаққа бұрып жіберді.

Соңғы жаңалықтар