Германияда Қазақстанның экономика апталығы басталды

None
None
ФРАНКФУРТ-НА-МАЙНЕ. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Франкфурте-на-Майнда «Германиядағы Қазақстан экономика апталығы» басталды, ол 16 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Тимур Дүйсекеев.

Осы шара аясында Германияның іскерлік астанасына ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың басшылығымен Қазақстан делегациясы келді. 13 қараша күні қазақстандық шенеунік Possehl & Co. Компаниялар тобының атқарушы директоры Оттмар Ринхофф-Гембус және Ринхофф-Гембус холдингінің атқарушы директоры Райнер Бауманмен кездесті.

Осы кездесулер барысында Қазақстанда ет өнімдерін шығару жобаларын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, қазақстандық делегация Германия іскерлік тобының өкілдерімен бірге «Қазақстандық іскерлік мүмкіндіктері» дөңгелек үстеліне қатысты. Шараны Deutsche Bank қолдауымен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі ұйымдастырды.

Қазақстан делегациясының құрамына ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдерінен басқа, ГФР-дағы ҚР елшісі Болат Нүсіпов, Kazakh Invest қызметкерлері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазтеміртранс» өкілдері болды.

Неміс тарапында Bilfinger азаматтық және өнеркәсіптік құрылысқа маманданған компаниясы, SAP бағдарламалық жасақтамасының өндірушісі, BASF химиялық концерні, Evonik көп салалы холдингі, жоғары қоспалы құрыш өндірушісі және Thyssen-Krupp машина жасау өнімдерін шығаратын компания болды.

Дөңгелек үстелде сөз алған Тимур Тоқтабаев қатысушыларға біздің елмен экономикалық ынтымақтастың жан-жақты мүмкіндіктері туралы хабарлады.

«Біздің ел Германияға шикі мұнайдың жетекші жеткізушілерінің бірі саналады және осылайша Германия мен Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», - деді инвестициялар және даму вице-министрі.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, Германия соңғы 12 жылда экономикамызға 4 миллиардтан астам доллар инвестиция құйған, ал Қазақстандағы барлық неміс инвестицияларының 90%-дан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі.

Сонымен қатар, қазақстандық шенеунік конференцияға қатысушыларға ҚР-дағы неміс компанияларының жасап жатқан жемісті жұмыстарынан мысал келтірді. Олардың арасында ҚР-дағы 4 цемент зауыты қарайтын «HeidelbergCement», құрылыс материалдарын шығаратын Knauf, FunkeKunststoffe және Henkel, өнеркәсіптік газ шығаратын Linde, шарлы тиекті арматура шығаратын Boehmer, құбырлар өндіретін Isoplus, сондай-ақ сауда алыптары MetroCash & Carry сауда компаниясы бар.

«Ынтымақтастық саласын кеңейту үшін біз неміс автоөндірушілеріне Қазақстандағы вагондарды құрастыру бойынша жобаларды ұсына аламыз», - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде, неміс бизнесі өкілдері Қазақстандағы қазіргі инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, ҚР делегациясына индустрияландыру бағдарламасы аясындағы өздерінің ағымдағы жобалары мен жаңа жоспарлары туралы хабардар етті.

Кездесуді қорытындылай келе, Deutsche Bank-дің Орталық және Шығыс Еуропа елдері  бойынша басқарушы директоры, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің тең төрағасы Питер Тильс екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастарда «үлкен және толықтай ашылмаған әлеует» бар екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар