General Electric Қазақстанда өндірістік интернетті дамытпақ

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат- Астанада өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы  Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында «GE Oil & Gas» басшысы Лоренцо Симонели Қазақстанда индустриалдық интернетті кеңінен дамытуды ұсынды. Оның ойынша, Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобын құру қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, индустриалдық интернеттің негізгі мақсаты - жаңа ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдарды қалыптастыру. Ондайда барлық өндірістік құрылғылар, датчиктер мен сенсорлар интернетке қосылады. Осылайша, технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі құрылады. Индустриалдық ғаламтор компаниялардың өндірістік жұмысын жақсартып қана қоймай, тұтас бір елдің экономикасына оң әсер етеді деген ақпарат бар. Себебі ақпарат алмасу қарқыны күшейе түседі.

«Соңғы 25 жылдың ішінде Қазақстан білім саласын жаңғыртуға біраз ақша салды. Осының арқасында цифрлық салада ғана емес, өндірістік тұрғыда да көшбасшы мемлекетке айналуға толық мүмкіндік бар. Осыған орай, біз «Самұрық-Қазына» аясында цифрлық қызметтер орталығын құруды ұсынамыз. Аталған орталық компания активтерін тиімді пайдалануға көмектеспек. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі жанынан цифрлық экономика жөніндегі жұмыс тобын құрған дұрыс деп ойлаймыз. Біз осы жұмысқа атсалысуға дайынбыз», - деді Лоренцо Симонели бүгінгі отырыста.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру бойынша есеп берді. Оның айтуынша, аталған Орталық келесі жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастайды.  

Соңғы жаңалықтар