Ғалымдар Қазақстанның киелі 100 нысанын таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» орталығының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Отырыс мақсаты жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысанды белгілеу және тізімдеу болды. Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б. Аяған, профессор З. Самашев, Республикалық «Ардагерлер ұйымы" Орталық кеңесінің төрағасы, профессор Ө.Озғанбаев, профессор    Ж. Артықбаев сынды тұлғалар қатысты.

 «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін» белгілеу мақсатындағы ғылыми-сараптамалық кеңесі отырысының күн тәртібінде аталған орталықтың екі ай ішінде атқарған жұмысы туралы ақпарат беріліп, Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі киелі жерлерін  анықтау, ғылыми тізімдеу мен жүйелеу мәселелері қозғалды.


null

Ғалымдар ұсынылған тізімнің жобасын жан-жақты талқылап, өз пікірлерін ашып айтты. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зейнолла Самашев: «Бізде тарихи оқиғалар өткен, бірақ дәл қазіргі күні ол жерде ешқандай белгі сақталмаған, ешқандай із байқалмайтын жерлер бар. Қираған ескерткіштердің сынығы немесе жай орны ғана қалған нысандар бар. Алайда тарихи мәні өте зор болғандықтан, ол жерді құрметтеп жатамыз. Мысалы, «Таңбалы тасты» алсақ, толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Ол өте маңызды нысан. Менің жеке ұсынысым, бүгінгі күні еш белгісі сақталмаған, бірақ тарихи маңызы бар орындарды осы тізімге енгізген жөн», - деп өз ұсынысын айтты.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында қолға алынған істерге келсек, ең алдымен, қалаларда жұмыс топтары құрылды. Оның құрамына белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар енді. Киелі жерлерді анықтау үшін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы әдістемелік құрал құрастырды, осының нәтижесінде өңірлік жұмыс топтарына нұсқаулықтар жіберілді. Осыған байланысты іріктеліп алынатын нысандар макросакралды және микросакралды болып екіге бөлінеді. Қасиетті нысандар мынадай критерийлерге бөлінді: табиғи-ландшафты нысандар; археологиялық және сәулет ескерткіштері; ғибадат орындары саналатын діни нысандар және тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты орындар», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев. 

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын киелі жерлер бүгінде ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі нысандар болмақ. «Қасиетті Қазақстан» орталығының аймақтардан алған мәліметтеріне қазақстандық ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері бірлесе отырып, сараптама жүргізеді. Ал облыстардағы қасиетті, киелі жерлерді анықтау үшін жергілікті мәдениет басқармаларының жетекшілік етуімен тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінен құрылған арнайы топтар жұмыс істеуде.

null

Аталған орталықтың жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы: «Бұл - бес  жылға жоспарланған жоба, биыл жалпыұлттық деңгейдегі, елге кеңінен танылған 100 нысанды анықтау қолға алынған. Бұл тізім жобасына бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия сараптама жасап, бір, екі ай көлемінде бекітеді. Кесене, ескерткіштерді, арнайы бір орынды ғана емес, Елбасының мақаласында атап көрсетілген сол нысандармен байланысты рухани құндылықтарды насихаттаймыз. Ол нысан қандай тарихи оқиғамен, қандай салт-дәстүрмен, қай кезеңмен байланысты екенін анықтаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын  рухани тәрбиені сіңіру, насихаттау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз», - деп орталықтың мақсатын айқындап айтып берді.

Сонымен қатар, шара барысында жалпыұлттық деңгейдегі белгіленген 100 нысан электронды түрде таныстырылды.

  

Соңғы жаңалықтар