Ғалымдар «100 оқулық» жөнінде: Әлеуметтік психологиядан қазақша 2-3 оқулық қана болған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптарға қатысты пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің факультеттің 8 маманы Дэвид Майерстың «Әлеуметтік психология» оқулығын аударуға қатысты. Негізі, аудармаға іліккен кітаптар студенттерге қажет оқу құралы екені бұрыннан белгілі. Сондықтан үздік әрі өзекті оқулықтарды аудару шаралары дер кезінде жасалды. Сәйкесінше, бұл кітаптарды білім бағдарламаларына кіргізу жұмыстарын пысықтап жатырмыз. Жоғарыда аталған «Әлеуметтік психология» оқулығына сұраныс бар екенін көпшілігі біледі. Бұл ретте біздің ғалымдар оны керек кітап екенін осыған дейін жиі айтып жүрген болатын. Мәселен, бұрындары ағылшын тілінен орысшаға, кейін қазақшаға аударатын. Ал енді қолымызға тиіп отырған тікелей аударма жақсы ғой, мағынасы түсінікті жеткізіледі. Атап айтқан, бізде бұл оқулықтарға сұраныс болады», - деп тоқталды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Байжұман Қашхынбай.

Өз кезегінде аталған «Әлеуметтік психология» кітабын ағылшын тілінен қазақшаға аударуға тікелей қатысқан Қадиша Қадырқызы аударма процесі туралы айтып берді. Қадиша Шалғынбаева қазіргі кезде ЕҰУ-ның Әлеуметтік ғылымдар факультеті Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кадрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.

«Біздің кафедрадан аудармаға 8 оқытушы қатысты. Дэвид Майерстың «Әлеуметтік психологиясы» 2012 жылы шыққан болатын. Ұлттық аударма бюросының ұсынысынан кейін, біздің университет оқытушылары бұл жұмысқа кірісті. Еліміз бойынша әлеуметтік психологиядан қазақ тілінде 2-3 оқулық қана бар. Аталған кітаптың қазақша нұсқасы болмаған еді. Жалпы, Дэвид Майерстың оқулығы студенттер үшін қажет болып тұр. Енді жаңа оқу жылынан бастап осы оқулықпен білім беру шаралары басталады деген ойдамын», - деп тоқталды ғалым.

Қ. Шалғынбаева оқулықты аудару жұмыстары өткен жылдың маусымында басталып, қыркүйек айында аяқталғанын атап өтті.

«Аударма кезінде біршама қиындықтар болды. Аударманың барлығын тапсырған кезде кейбір терминдерді әдеби тілге бұру талпынысы да болды. Бірақ біз бұл процесс оқулықтың ғылыми мазмұнын жоғалтуы мүмкін екенін айттық, осы орайда оны қайтадан ғылыми мазмұнға бұрдық. Дегенмен де бұл ғылыми мазмұн студенттер үшін күрделі болады деп ойламаймын. Сондықтан оқырмандарға өте жеңіл әрі тартымды шықты деп айта аламын», - деді профессор.

Еске сала кетсек, 12 сәуірде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын.

Соңғы жаңалықтар