Ғалым Әміреев: Кәсіпкерліктің дамуы - экономикалық дамудың кепілі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына Ғалым Әміреев әкім болып келгеніне бір жыл толды. Осы уақыт ішінде Елбасының халықшыл реформалары мен облыс әкімінің бастамаларын жергілікті деңгейде қалай орындалып келеді? Әсіресе, егін шаруашылығы саласын реформалау, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, салық түсімін арттыру, жұмыссыздық деңгейін қысқарту секілді маңызды жұмыстарда тыңнан сүрлеу салды. Міне, осы бағыттарда атқарылған жұмыстардың ауқымы мен нәтижесі жайлы аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлына ҚазАқпарат тілшісі бірнеше сауал қойған еді.

- Қызылорда облыстық кəсіпкерлер палатасының мәжіліс залында журналистерге «Жаңақорған - еркін бизнес алаңы» тақырыбында брифинг бердіңіз. Осы жөнінде тарқата айтсаңыз...

      - Бұл жобаның мақсаты - жұмысын бастап жатқан кәсіпкерлерге мейлінше қолдау көрсету. Мәселен, жерді тегін жалға алу және жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлікті қалыптастырып, дамытуға ниеттілерге бизнес кеңестерді тегін ұйымдастырады. Демек, кез келген бастаманың болжамды дамуын айқындап беретін боламыз. Өздеріңіз білесіздер,  Мемлекет басшысы өзінің Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінің бірнеше қадамында кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мәселелерін қойған болатын. Мысалы, 54-қадамда: « Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығауту айтылды. Сонымен бірге жаңа институттың құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді»,-деді Елбасы. Ал, 62-қадамда:  «Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру» керектігі нақты көрсетілді. Біз осы тапсырмаларды негізге ала отырып аудандағы кәсіпкерлікті барынша қолдап келеміз.

- Жобаны жүзеге асырудың жолы қандай?

- Кәсіпкер үшін үлкен мәселенің бірі - жер. Сондықтан, біз екі жолмен жерді беруге дайынбыз.

Біріншісі, тәжірибе алаңында 1-2 жыл жұмыс істеймін десе, тегін жалға ала алады.

Екіншісі, инвестор ретінде кәсіпкерлігін дамытатын болса, Жаңақорған кенті аумағындағы жерлердің картасы арқылы бос жатқан жерлерді көрсетеміз. Кәсіпкер ұсынылған жерлерден бизнесі дамуына ыңғайлы жерді белгілеп, бізге ұсыныс білдіруі тиіс. Сосын біз жерді акционға шығарамыз.

- Кәсіпкерлер аталған аймақтардан қалай жер телімін ала алады, әрі өтінішті қалай береді?

- Біз мейлінше ашық әрі жариялы жұмыс жасаймыз. Сондықтан, интернет ресурста арнайы сайт ашылады. Онда Жаңақорған кентінің картасы, шағын аудандардың инфрақұрылымдық жағдайы көрсетіледі. Жер аламын деушілерге онлайн режимде қызмет көрсететін боламыз.

Өтініш беруге келетін болсақ, біріншіден, электронды поштаның мүмкіндігін пайдалана алады. Екіншісі, әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға болады.

- Аудан кәсіпкерлері бастамаға тәуекел етпеген жағдайда не істейсіздер?

- Екінші кезеңде, өңір кәсіпкерлері, үшінші кезеңде, республиканың түкпір-түкпіріндегі кәсіпкер жер алып, жұмыс жасауына мүмкіндік береміз. Кезең-кезеңге неге бөліп отырмыз? Өйткені, аудан кәсіпкерлеріне шұрайлы жерлермен қамтамасыз етуді ойлап отырмыз.  

- Жаңа тегін бизнес кеңестер береміз дедіңіз. Осы жайлы айта кетсеңіз...

- Бизнестің кейбір бағыттарына бизнес жоспарларын тегін жасап береміз. Мәселен, бақша, көкөніс өсіру, мал бордақылау, құс өсіру және т.б. жобалар бойынша бизнесті дамытудың жолдарын көрсететін боламыз.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайын өнімге айналдырғанда нарықтағы құнын зерделеп, өткізетін пунктерді саралауға үйретеміз. Мәселен, биыл жоғары өнімді күрішті ектік. Енді оны өткізетін орындар қажет. Біз солтүстік және батыс өңірлермен келісімге отыратын боламыз. Ал, диқандар өнімді тиімді бағада өткізетін болады.

Жалпы, біз кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмысына көп мән береміз. Себебі, Кәсіпкерліктің дамуы - экономикалық дамудың даңғыл жолы.

- Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан маңызды бетбұрыстар кезеңінде тұр. Мұндай бастамалар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрініс тапты. Сіздің атқарып жатқан істеріңіз Елбасы пәрменінен негіз алатындай...

- Әрине, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың реформалары өркендеу, өрлеу һәм өсуге бастайтын жол. Сондықтан, Президенттің әрбір тапсырмасын жергілікті деңгейде сапалы атқарсақ, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі көтеріліп, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына мерзімінен бұрын қосылар едік.

Стратегиялық құжатта: «Агроөнеркәсіптік кешен - Қазақстан Республикасы экономикасының дамуының драйвері» болуы тиіс делінген. Ендеше, ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін кеңейту, импорттық тауарларды азайту, ауданда кенжелеп қалған шаруашылықтарды ілгерілету, егін шаруашылығы саласында заманауи техниканың үлесін арттыру, өнімділігі жоғары тұқымдарды аудандастыруды, инвестиция тарту секілді маңызды жұмыстарды шешпей,  әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі болу қиын.

2016 жылдың аяғынан ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық төрағаларын бірнеше рет жинап, аудан тарихындағы тың бетбұрыстарды түсіндірдік. Ең алдымен, 1986 жылдан бері қолданыста келе жатқан «Маржан» тұқымын ресейлік «Лидер», «Фаворит» тұқымына ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Жаңа бетбұрысқа - жаңа көзқарас қажет дегендей, тың идеяны диқандар қолдап, жаңа тұқымды төмен бағада алды.

- «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында агроиндустриялық аймақ ашылды. 159 га қамтитын тәжірибелі аймақтың келешегін қалай көресіз?

- Агроиндустриялық аймақтың жұмысын жетілдіру арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын сапалы жүзеге асыруға болады. Яғни, ауданда кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылады. Арнайы аймақта жылыжай кешенімен қатар бақша дақылына да басымдық беріледі.

Өзбекстанда жылыжай кешені жоғары дамып кеткен. Онда қаңтар-ақпан айында ресейлік кәсіпкерлердің жүк көліктері кезекке тұрып, қияр мен қызанақты таласа-тармаса сатып алады. Әрине, мұндай игілікке жеткізуге бізде мүмкіндіктер мол. Оған бізде инфрақұрылым мәселесі шешілген. Тың жерлер бар. Тетігін тапса, аяқ суды да шешу қиын емес. Тек нарықты зерттеп, жүйелі жоспарлап жұмыс жасау қажет.

Енді агроиндустриялық аймақтың перспективасына тоқталсам. Аймақта аудан тұрғындарына жер беріліп, олар тәжірибе алаңында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуде. Оларды арнайы мамандар шақырып нарықтық тиімділіктерге қарай жұмыс жасауды үйреттік. Бірінші жылы олардан салық алынбайды, әрі құжат дайындап сабылмайды. Енді келер жылы егін егуге ниет білдірсе, агро аймақтың басқа жерінен жер беріліп, кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті болады.

- Кәсіпкерлік субъектілерін аралап, көлеңкелі экономиканың мемлекет дамуына тигізетін әсері жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы топ құрылды. Ауданда бейресми экономиканың үлесі қаншалықты деңгейде?

- Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеу қажеттілігі айтылды. Өйткені, көлеңкелі экономика -мемлекетті тығырыққа тірейтін процес.

Аудандағы көлеңкелі экономиканың нақты үлесін тап басып айту қиындау. Дегенмен, көлеңкелі экономикадан табыс тауып отырғандар аз емес. Мысалы, сауда орындары мен дүкендердің көбінде кассалық аппарат жоқ. Сонымен қатар, кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік субъектілер баршылық.

Ал, мұндай жағдай аудан экономикасына, салық түсіміне қаншалықты әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті болар. Осыған байланысты арнайы топ құрып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлерді жауапкершілікке шақырдық. 


Фото 24.kz

Соңғы жаңалықтар