Ғаламторда Алашорда жылнамасын жариялайтын парақша ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Фейсбукте Алашорда көшбасшыларының 100 жыл бұрынғы ұстанымдары мен сол тұстағы тарихи хроникасы жарияланып тұратын «Алаш партиясы» парақшасы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

National Digital History интернет-порталының шығарушы редакторы Заңғар Кәрімханның айтуынша, аса маңызды тарихи оқиға - Екінші жалпықазақ съезіндегі Алаш автономиясының жариялануының 100 жылдығы (5-13 желтоқсанда) жақындап келеді.

«Егер де осыдан 100 жыл бұрын Фейсбук әлеуметтік желісі болғанда ұлт зиялылары не істер еді? NDH интернет-порталының командасы осы идеяны іске асыруды шешіп, жаңа жоба - әлеуметтік желіде  «Алаш партиясы» парақшасын ашты. Сол замандағы басылым беттерінде жарық көрген газеттік жарияланымдар, жеделхаттар, сөйлеген сөздер, мұрағат құжаттары негізінде «Алаш» партиясының көшбасшылары, ұлт зиялылары қандай да бір саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелер бойынша өз ұстанымдарын осы топта жариялайтын болады», - дейді Заңғар Кәрімхан.

Оның айтуынша, барлық оқиғалар тарихи тізбекте қалпына келтірілетін болады. «Алаш партиясы» парақшасында осыдан 100 жыл бұрынғы оқиғалар хроникасы бір жүйеге түсіріліп, әрбір пайдаланушы сол заманның атмосферасын сезіне алады.

«Алаш партиясы» тобы өз халқының тарихына немқұрайлы қарай алмайтын, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу эволюциясына, оның бір кезеңі болған Алаш автономиясы тарихына қызығушылық танытатын әр азамат үшін әрдайым ашық. Әлеуметтік желі қолданушыларын осы жобаны қолдауға және желідегі топқа қосылуға шақырамыз», - дейді Заңғар Кәрімхан.

Соңғы жаңалықтар