Galam TV қолжетімді тарифпен әлемнің 100 телеарнасын көрсететін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Galam TV интернет-таратылымы жұмысын қайта тың серпінмен бастайды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбук парақшасында жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Құрметті достар! Интернет-телекөрсетілім ТВ-индустрияның эволюциясындағы жаңа кезең екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ, оның аудиториясын кеңейтудің мүмкіндігі өте зор. Бұл әлемдік тренд болғандықтан, бұл көштен біз де қалыспауымыз керек. 2014 жылдан бері Қазақстанда Galam TV интернет-таратылымы жұмыс істеп келе жатқанын білесіздер. Алайда объективті себептерге байланысты қолданушылардың оған деген сұранысы айтарлықтай төмен болды. Galam TV осылайша, Chrome, Opera, Yandex, Internet Explorer қатарлы браузерлерде жұмыс істеген жоқ. Мобильді қосымшалар аяғына дейін жасалмады. Тіркеу де тұрақсыз әрі сенімсіз еді. Биылғы жылы біздің министрлік пен «Қазтелерадио» АҚ GalamTV интернет-таратылымының жобасын жаңғыртуды қолға алды», - дейді Дәурен Абаев Фейсбук парақшасында.

Жазбаға сәйкес, жобаны модернизациялаудың 1-ші кезеңі аяқталған. Бүгінгі күні интернет-таратылым Google Play мен AppStore-де мобильді қосымша арқылы жұмыс атқарып тұр. Сонымен бірге, ол барлық танымал интернет-браузерлерге бейімделе жасалған.

«Тіпті қазір әлемнің кез келген түкпірінен көруге болатындай ретпен GalamTV арқылы эфирді басқаруға, телеканалдарды архифтерімен бірге тегін көруге, бағдарламаларды қайта тамашалауға, бағдарламаны жоспарлауға мүмкіндік туып отыр. Модернизациялаудың келесі кезеңдерінде «сұраныс бойынша видео», тіл тізімдері, хабарландыруларды реттеу, жеке телеканалдар пакеттерін құру, рейтингті жүйе, жеке кабинет, қолданушы пакетінде жазба жариялау және т.с.с. қызметтерді енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта интернет-таратылым пакеті тегін және онда 24 қазақстандық канал бар. Ал жылдың соңына дейін Galam TV қолжетімді тарифпен (нарықтағы орташа бағадан төмен)  әлемнің 100 телеарнасын көрсететін болады. Galam TV қазақстандық интернет-таратылымға тың серпін беретініне сенімдімін», - деп жазды министр.

Сонымен бірге, жобаны дамыту аясында министрлік қазақстандық кітаптардың, ғылыми жазбалар мен журналдардың, музыкалардың, фильмдер мен өзге де контенттердің цифрленген базасын құруды көздеп отыр.

Аян Өрібай

Соңғы жаңалықтар