Футзалдан ЕЧ: Қазақстан құрамасы жартылай финалда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Словенияда футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Какау жаттықтыратын қазақстандықтар ширек финалда Сербия құрамасымен күш сынасты. Осыдан екі жыл бұрын Еуропа біріншілігінде қола жүлде үшін бәсекеде қазақстандықтар сербиялықтарды 5:2 есебімен ұтқан болатын.

Бұл жолы матч едәуір тартысты өрбіді. 7-минутта Дуглас Жуниордың айып соққысын сербиялық қақпашы Миодраг Аксентиевич қайтарып үлгергенімен, 2016 жылғы чемпионаттың сұрмергендерінің бірі Серік Жаманқұлов допқа бірінші болып жетіп, қақпаны дәл көздеді.
null 

Екінші таймда қазақстандықтардың қатарына биыл қосылған Тайнан 23-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін сербиялықтар бар күшімен алға ұмтылды. 36-минутта Слободан Райчевич есепті қысқартты. Қақпашының орнына алаңдағы ойыншыны шығарған сербиялықтар таразы басын теңестіруге шақ қалды. Абырой болғанда, доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Матч бітуге 23 секунд қалғанда, Дуглас Жуниор есепті 3:1-ге жеткізді. Ойын барысында Қазақстан құрамасының қақпашысы Игитаның да қауіпті соққыларды қайтара білгенін айта кеткен жөн.
null 
null 

Осылайша, Қазақ елінің өкілдері жартылай финалға шықты. Оның келесі қарсыласы Украина мен Испанияның бірі болмақ. Қазақстандықтар жартылай финал бәсекесін 8 ақпан күні өткізеді.
null 

Еске сала кетейік, 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа біріншілігіне Какаудың шәкірттері бірінші рет қатысқанына қарамастан, қола жүлдегер атанған болатын. Онда жартылай финалда қазақстандықтар испандықтарға 3:5 есебімен жол берген еді. Биыл қос құраманың жолы қайта тоқайласуы мүмкін.
null 

Соңғы жаңалықтар