Футзал: Португалия тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Словенияда мәреге жеткен футзалдан Еуропа чемпионатының финалында Испания мен Португалия құрамалары күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Испания осыған дейін Еуропаның жеті дүркін чемпионы атанса, Португалия мұндай атаққа қол жеткізбеген болатын. Сондықтан екі команда да барын салды. 1-минутта Португалияның капитаны, әлемнің үздік ойыншыларының бірі Рикардинью есеп ашты. 19-минутта Испания құрамасынан Тольра таразы басын теңестірді.

Екінші таймда айып нүктесінен Мигелиннің дәл пасынан кейін Лин Испанияны алға шығарды. Португалиялықтар алты мәрте ойын тәртібін бұзғаннан кейін олардың қақпасына айып добы белгіленді. Алайда Мигелиннің тепкен соққысы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Матч бітуге жақындағанда, португалиялықтар амалсыздан қақпашының орнына ойыншыны шығарды. Бұл тактика өз жемісін беріп, бірінші таймда жарақат алғанына қарамастан, алаңға шыққан Бруно Коэльо есепті теңестіріп үлгерді.

Осылайша, негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. 5 минуттан қосымша екі тайм белгіленді. Ойынның бұл кезеңінде Рикардинью жарақат алып қалса, испаниялықтар көбірек шабуылға шығып, бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Бірде тіпті доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Бір минутқа жетпейтін уақыт қалғанда, испаниялықтардың қақпасына пенальти белгіленді. Мұны Бруно Коэльо дәл орындады. Санаулы секундтар қалғанда, португалиялықтардың қақпашысы Соуза өз командасын голдан құтқарды.

Сөйтіп 3:2 есебімен жеңіске жеткен Португалия тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды.

Еске сала кетейік, жартылай финалда испаниялықтар қазақстандықтармен 5:5 есебімен тең ойнап, тек пенальти нәтижесінде (3:1) ғана жеңген болатын. Ал португалиялықтар ресейліктерді 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде Ресей Қазақстан құрамасын 1:0 есебімен ұтты.

Соңғы жаңалықтар