Футболдан Қазақстан кубогы: «Тобыл» келесі кезеңге өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Футболдан ҚР кубогының 1/8 финалында «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісу» командасын ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кубок ойыны Қостанайдың «Затоболец» алаңында өтті. «Тобыл» клубының бас бапкері Владимир Никитенко бүгінгі ойынға бес қорғаушымен шықты. Шабуыл өтінде - Молдақараев пен Федин жұбы. Оларға алдыңғы шепте Бауыржан Тұрысбек көмектесті. 

Бірінші таймдағы ең айшықты сәт Жасұлан Молдақараевтың еншісінде. Ол алаң ортасынан пас алып, «Жетісу» қақпасына айналдыра соққы жасаған. Алайда, жылдамдық танытқан қақпашы Нұрлыбек Аязбаев допты қайтарып жіберді. 

Кездесудің екінші бөлігінде алаңға «Тобылдың» грузиялық легионері Джаба Канкава қосылды. Канкава шыққан соң қостанайлықтардың шабуылға «жан біткендей». 65-минутта талдықорғандықтар Бауыржан Тұрысбекті айып алаңында шалып жықты. Пенальти! Б.Тұрысбек нүктеден қателеспеді. 1:0!

Қалған уақытта «Тобыл» ойыншылары қорғаныста ойнап, осы есепті сақтап қалды. Нәтижесінде, қостанайлықтар Кубок ойындарының келесі кезеңіне шықты.

Соңғы жаңалықтар