Футбол: Таңат Нөсербаевтың қос добы «Ордабасыға» жеңіс әперді

None
None
 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының кезекті 21-інші турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шымкенттіктер турнир кестесінде «Астана» мен «Қайраттан» кейін үшінші сатыда келе жатса, көптен бері жеңістің дәмін татпаған «Ақжайық» соңғы орынға түсіп қалған болатын. Бұл ойын тағдырын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Таңат Нөсербаевтың қос добы шешті. Алдымен оралдық Иван Антипов өз айып алаңына жақын тұста қолмен ойнап қойғаннан кейін сербиялық шабуылшы Мардан Төлебектің тепкен добына «Ақжайықтың» қақпашысы Денис Төлебаев кеудесін тосып үлгергенімен, Таңат сол сәтті шебер пайдаланып, есеп ашты. Бұл кездесудің 27-минуты еді. Арада тоғыз минут өткеннен кейін қонақтардың алыстан тепкен добына тағы да Д.Төлебаев  тосқауыл болғанымен, бұл жолы Т.Нөсербаев баспен соғып кетті. Осы екі сәтте «Ақжайық» қорғаушылары өз қақпашысына көмектесе алмады. 40-минутта алаң иелерінің сапындағы украиналық легионер Константин Дудченконың тепкен добын «Ордабасының» қақпашысы Алмат Бекбаев қайтарып үлгергенімен, И.Антипов бірінші болып жетіп, есепті қысқартты.

Екінші таймда «Ақжайық» емес, қайта қонақтардың гол соғатындай мүмкіндіктері көбірек болды. Әсіресе, стандартты жағдайда Самат Смақовтың қауіпті соққысын Д.Төлебаев қайтара білді.

Сөйтіп, бұл ойында шымкенттіктер 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 41 ұпаймен бұрынғыша үшінші орында нық келеді. Бүгін Патрик Твумасидің қос голы арқасында өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» ұтқан «Астана» 51 ұпаймен көш тізгінін ешкімге берер емес. Еуропа лигасындағы сәтсіз ойыннан кейін грузиялық маман Кахабер Цхададзе командадан кетіп, бас бапкерсіз қалған Алматының «Қайраты» ертең «Атырауды» қабылдайды.

Ал жеңілістен көз ашпаған «Ақжайықтың» жағдайы тіпті қиындады деуге болады. Вахид Масудовтың шәкірттері 26 шілдеде «Ақтөбе», содан кейін 30-ында Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Осы кездесулерде тірлігін көрсетпесе, батысқазақстандықтарға бірінші лигаға түсіп қалу қаупі анық төніп тұр. 

Соңғы жаңалықтар