Футбол: Оралдың «Ақжайығы» өз алаңындағы алғашқы кездесуін Ақсай қаласында өткізеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Оралдың «Ақжайығы» өз алаңындағы алғашқы кездесуін Ақсай қаласында өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 31 наурыз күні Павлодардың «Ертісімен» болатын ойын өткен жылы ашылған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жасанды алаңында өтеді. Мұнда матчты 1200 көрермен тамашалай алады.

Айта кетейік, павлодарлықтар алғашқы екі турда «Атырау» мен «Ақтөбені» өз алаңында 2:1 есебімен ұтқаннан кейін 6 ұпаймен «Ордабасымен» (Шымкент) үшінші-төртінші орындарды бөлісуде.  Ал кеше Қызылордада «Қайсармен» тең ойнаған оралдықтар тоғызыншы орында келеді.

Өткен жылы қос команда үш рет кездесіп, соның екеуінде «Ертіс» басым түсіп, біреуін сырт алаңда «Ақжайық» ұтқан.

Соңғы жаңалықтар