Футбол бапкерлеріне балалардың психологиясы мен ойынның қыр-сыры үйретіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілде айында Астанада футбол жаттықтырушылары үшін дайындық курсы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана футбол федерациясына сілтеме жасап.  

Оқыту курсы 10-15 шілде аралығында өтеді. Болашақ бапкерлер «Балалар футболының ерекшеліктері», «Балалар психологиясы», «Балалар футболындағы медицина», «Футболдың жалпы ережесі» сынды тақырыптар бойынша кәсіпқой мамандардан дәріс алып, білімдерін жетілдіретін болады.

Астана футбол федерациясының менеджері Данат Мұхаметғалиевтің айтуынша, Астана футбол федерациясы жаттықтырушыларды оқыту курстарын соңғы екі жылдың ішінде үш рет өткізген. Осы уақытқа дейін барлығы 82 бапкерге «С» санатындағы сертификаттар берілді.

«Соңғы курста жаттықтырушы болуға ниет білдіргендердің саны тіптен көп болып, жартысын кері қайтаруға мәжбүр болдық», - дейді ол.

«С» санатындағы сертификат бапкерлерге әуесқой және бұқаралық футбол командаларында, сонымен қатар балалар футболында бапкер болып жұмыс жасауға мүмкіндік береді. 

 

 

Соңғы жаңалықтар