Футбол: «Астана» Ресей чемпионы «Спартакты» ұтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа маусымға дайындалып жатқан «Астана» командасы Мәскеудің «Спартагымен» жолдастық кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен ойында болгариялық маман Станимир Стоиловтың шәкірттері бірінші болып есеп ашты. 19-минутта командаға жаңадан қосылған сербиялық жартылай қорғаушы Марко Станоевич мергендік танытты. 33-минутта сол қапталдан алға ұмтылған Жуниор Кабананганың пасынан кейін хорватиялық Марин Томасов есепті 2:0-ге жеткізді.

Жолдастық кездесу болғаннан кейін шама-шарқын байқап көру үшін ойыншыларды алмастыра беруге болады. Сондықтан матч барысында командалар құрамында өзгеріс аз болған жоқ.

Екінші таймда Ресей чемпионы есепті өзгертуге тырысып бақты. Дегенмен елордалықтар өз мүмкіндігін жақсы пайдаланып, екінші таймда алаңға шыққан сербиялық шабуылшы Джордже Деспотович үшінші голды соқты. Бұдан кейін астаналық қорғаушы Игорь Шитов өз айып алаңында "Спартактың" құрамында алаңға шыққан Педро Рошаны шалып жықты. Голландиялыық Квинси Промеске 11 метрлік  нүктеден екінші таймда Ненад Эричтің орнына қақпаға тұрған Станислав Павловты алдау қиынға түскен жоқ. Кездесу аяқталуға екі минуттай уақыт қалғанда, Кабо-Верде елінің өкілі Зе Луиштан пас алған бразилиялық Педро Роша С.Павловпен жекедара шығып, есепті қысқартты.

Осылайша, елордалықтар белгілі клубты 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф бәсекесіне жолдама алған астаналықтар биылғы кездесулерін жылдағыдан ертерек, алдағы ақпан айында өткізеді. 15 ақпан күні «Астана» өз алаңында «Спортинг» (Лиссабон) командасын қабылдаса, қарымта кездесу 22 ақпанда Португалияда өтеді. Сондықтан бұл жауапты матчтарға тастүйін дайындықпен бару қажет-ақ. 


Фото: fca.kz

Соңғы жаңалықтар