Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 332.80
EUR 390.57
RUB 5.60
CNY 49.88

Футбол: «Ақжайық» сырт алаңда «Таразды» ұтты

Футбол: «Ақжайық» сырт алаңда «Таразды» ұтты
2017 жылғы 13 тамыз 21:19 576

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионаты ХХІІІ турының ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осыған дейін көш соңында келе жатқан Оралдың «Ақжайығы» Таразда жергілікті командамен алаңға шықты. Батысқазақстандықтарға үш ұпай ауадай қажет болғандықтан, олар кездесу барысында барынша алға ұмтылып бақты. Сондай сәттердің бірінде украиналық шабуылшы Константин Дудченко қақпашымен жекедара шыққанымен, Журахон Бабахановтан айласын асыра алмады. Бұдан кейін ойын алаң иелерінің басымдылығымен өрбіп, олар да бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Екінші таймда керісінше «Ақжайық» кездесу тізгінін қолына алды. Ақыры 72-минутта Дмитрий Шмидт қақпа бұрышын дәл көздеді. Осыдан соң «Тараз»  таразы басын теңестіруге тырысты. Дегенмен Вахид Масудовтың шәкірттері сәтті қорғана білді. Соның ішінде қақпашы Вячеслав Котляр да сейв жасап, тараздықтардың гол соғуына мүмкіндік берген жоқ.

Осылайша, біріншіліктің үшінші айналымын табысты бастаған «Ақжайық» биылғы маусымдағы сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл турдан кейін 19 ұпай жинаған батысқазақстандықтар «Ақтөбені» артқа тастап, 11-інші орынға көтерілді. Оралдықтар келесі кездесуін дәл осы ақтөбеліктермен 19 тамыз күні өз алаңында өткізеді.

Айта кетейік, Ақтөбеде жергілікті команданы 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Астана» 57 ұпаймен бұрынғыша бірінші орында келеді. Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0 есебімен сүріндірген алматылық «Қайраттың» астаналықтардан жеті ұпайы кем. Ал үшінші орындағы Шымкенттің «Ордабасы» командасы Қарағандыда «Шахтерге» 1:2 есебімен есе жіберді. Қызылордада «Қайсар» Қостанайдың «Тобылын» 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Атырауда жергілікті команда мен Павлодардың «Ертісі» (0:0) тең тарқасты. 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Спорт,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер