Футбол: «Ақжайық» ойыншысы Перцух тағы да жеңіс голын соқты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің 30-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Атырауды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралдықтар мен атыраулықтар 26 ұпаймен турнир кестесінде 10-ыншы және 11-інші орында келе жатқандықтан, бұл кездесу олар үшін аса маңызды еді. Бірінші таймда қос команда да шебер ойын өрнегін көрсете алмады. Қақпаға қатты қауіп төндірген сәттер бола қойған жоқ.
Үзілісте бас бапкер Вахид Масудовтан ақыл-кеңес алған болуы керек, «Ақжайық» футболшылары алаңға ширығып шығып, бірден шабуылдауға көшті. Дегенмен бірде «Атыраудың» қақпашысы Андрей Пасеченко сәтті ойнаса, келесіде қорғаушылар қақпаны аман алып қалып жатты. 79-минутта оң қапталдан Дмитрий Шмидттің алыстан берген пасын дәл қабылдаған Юрий Перцух қақпашымен жекедара шығып, бұрышты дәл көздеді.
null

null

Осылайша, Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, 21 жасар Ю.Перцух екінші рет жеңіс голын салды. Ол өткен турда Павлодарда Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Давид Лория қорғаған «Ертістің» қақпасына баспен доп кіргізген болатын.

Бұл ойыннан кейін 29 ұпай жинаған «Ақжайық» қауіпті аймақтан сытылып, жоғары көтерілсе, «Атырау» он бірінші орында қалды. Оралдықтар келесі кездесуін 24 қыркүйек күні өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен» өткізеді.
null

Соңғы жаңалықтар