Футбол: «Ақжайық» «Оқжетпесті» ұтып, оныншы орынға көтерілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің 26-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл кездесу көш соңында келе жатқан қос команда үшін де аса маңызды еді. Сондықтан «Ақжайық» та, «Оқжетпес» те ұпай жоғалтпау үшін барын салды. Бастапқыда қонақтар белсенділік танытқанымен, оралдықтар да қарап қалған жоқ. Алдымен черногориялық шабуылшы Марко Джуровичтің қауіпті соққысын «Оқжетпес» қақпашысы, сербиялық Саша Стаменкович қайтарды.

Дегенмен бірінші тайм соңына таман, 42-минутта Азат Ерсәлімовтің сол қапталдан берген добын украиналық шабуылшы Константин Дудченко баспен торда тулатты. Сөйтіп көптен қанжығасы майланбаған К.Дудченко өз есебіне бір голды жазды. Бұдан кейін қонақтар алға ұмтылғанымен, өздері қапы қалды. Қарымта шабуылдан кейін хорватиялық легионер Денис Главина айып алаңына кірместен, қақпа тоғыздығын дәл көздеді.
Екінші таймда есеп өзгерген жоқ. Осылайша, бұл ойыннан кейін 23 ұпай жинаған «Ақжайық» оныншы орынға көтерілді де, «Оқжетпес» соңғы сатыға сырғыды. Дегенмен ертең Қарағандының «Шахтерін» қабылдайтын, 22 ұпаймен 11-інші орында тұрған «Ақтөбенің» «Ақжайықтан» озуына мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, өз алаңында «Атырауды» 7:0 есебімен ойсырата жеңген «Астана» ұпай санын 60-қа жеткізіп, бұрынғыша жекедара көш бастап келеді. Қалған командалардың кездесулері жексенбі күні өтеді.

Соңғы жаңалықтар