Футбол: «Ақжайық» даниялық клубпен тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Түркияда жаңа маусымға дайындалып жатқан Оралдың «Ақжайығы» кезекті жолдастық кездесуін даниялық «Тистед» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оралдықтардың қосалқы құрамы бірінші таймда өз қақпасына үш гол өткізіп алды.

Екінші таймда негізгі құрам ойыншылары алаңға шығып, есені қайтара білді. Андрей Ткачук, Азат Ерсәлімов және Адеринсола Эсеола мергендік танытып, қос команда 3:3 есебімен тең тарқасты.



«Ақжайық» келесі спарринг ойынын 25 ақпан күні өткізеді. Бұл күні Владимир Мазярдың шәкірттері Украина бірінші лигасының өкілі «Оболонь» клубымен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, Антальяда қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» тағы бірнеше ойыншымен толықты. Оралдың қос бірдей түлегі Руслан Қайыров пен Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антиповпен еңбек шарты жасалды. Оған қоса батысқазақстандық командаға Семей футболының түлегі, 26 жасар қорғаушы Әлібек Сәкенов алынды. Ол бұдан бұрын «Спартак» (Семей), «Алтай» және «Атырау» командаларында доп тепкен.

Соңғы жаңалықтар