Футбол: «Ақжайық» «Атырауды» ұтып, оныншы орынға көтерілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ҚР чемпионатының өз алаңындағы соңғы ойынын Оралдың «Ақжайығы» «Атыраумен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оралдықтар биыл қалайда премьер-лигадан түсіп қалмау үшін барын салып жүрсе, атыраулықтарға ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан болуы керек, алаң иелері бірден ойын тізгінін қолына алды. 16-минутта «Ақжайық» сапындағы украиналық легионер Константин Дудченко алыстан қонақтар қақпасын дәл көздеді. Ал, 36-минутта атыраулықтар өз айып алаңында дәл сол К.Дудченкоға қарсы ойын тәртібін бұзды. Парагвайлық легионер Фредди Коронель Ортиз 11 метрлік айып добын әдемі орындай білді. Екінші таймда атыраулық Вячеслав Шарпар есепті қысқартқанымен, Коронель қайтадан мергендік танытып, қос доптың авторы атанды.

Сөйтіп 3:1 есебімен жеңіске жеткен Вахид Масудовтың шәкірттері турнир кестесінде оныншы орынға көтерілді.

Бұл турда «Шахтер» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын 4:1 есебімен ойсырата ұтып, премьер-лигада қалу мәселесін шешті. Ал «Тараз» өз алаңында чемпионатта жетінші орынды иеленген Қостанайдың «Тобылын» 2:1 есебімен жеңіп, «Ақжайық» секілді 32 ұпай жинады.
Енді премьер-лигада кімнің қалатын-қалмайтыны 29 қазан күні өтетін соңғы турда «Ақжайық», «Тараз», «Жетісу» командаларының арасында шешіледі.

31-ұпаймен ең соңғы орында тұрған «Жетісу» Талдықорғанда «Ақжайықты» қабылдаса, «Тараз» өз алаңында «Шахтермен» сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар